- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қаңтар оқиғасы: депутаттар...
Қаңтар оқиғасы: депутаттар меморгандардың басшыларын тергеу туралы сұраққа жауап беруге Мәжіліске шақырды
Депутаттар мемлекеттік органдардың басшыларын Қазақстандағы қаңтар трагедиясын тергеу туралы сұрақтарға жауап беру үшін Мәжілістің жалпы отырысына келуге шақырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Жаңа Қазақстан" депутаттық тобының мүшелері бас прокуроры Берік Асыловқа депутаттық сауал жолдады.
"Бүкіл елді дүр сілкіндірген "Қасіретті қаңтар" оқиғасына 1 жыл болды. Сол күндері халқымыз бұрын-соңды болмаған қауіп-қатермен бетпе-бет келді. Мемлекетіміздің тұтастығы мен мызғымас егемендігіне зор қауіп төнді. Қаңтар күндері Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін, тыныштық пен бейбітшілік қаншалықты маңызды екенін жан-жүрегімізбен сезіндік. Қаңтардың басы Маңғыстауда өріс алғаны белгілі. Оқиға сұйытылған газ бағасын төмендету керек деген ұранмен басталды. Басында бейбіт түрде басталған шеруді арандатушы топтар пайдаланып, оның соңы ірі қалаларда тәртіпсіздік пен қайғылы оқиғаларға ұласты", - делінген сауалда.
Депутаттар төңкеріс жасауға ұмтылғандардың басында белгілі саяси лауазымдағы адамдардың болғаны анық екенін атап өтті.
"Олар сатқындық жасап, Мемлекет басшысына елдегі ахуал туралы жалған ақпараттар берді. Іштен шыққан жаулар, мұқият ойластырылған ауқымды операцияда, кәсіби дайындықтан өткен баскесер-содырларды еш тартынбастан пайдаланды. Ірі шаһарымыз аяулы Алматы мен кейбір қалаларымызда ұрыстар болды", - дейді депутаттар.
Депутаттар оқиға бойынша толық түсінік қажет екенін айтады.
"Көтерілген мәселенің маңыздылығын ескере келе, тиісті күштік құрылымдар мен мемлекеттік органдар, жылдың басында Мәжілістің алғашқы жалпы отырысына келіп, жоғарыда айтылған және басқа да сауалдарға бүкпесіз ашық жауап беруі қажет. Бұл халықтың талабы!", - деді депутаттар.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина