- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қаңтар оқиғасы: Алматы...
Қаңтар оқиғасы: Алматы облыстық ҰҚКД-ның экс-басшысы 6 жылға сотталды
Талдықорған сотында лауазымды адамның өз құқықтары мен өкілеттіктерінен тыс және ауыр зардаптарға әкеліп соққан билік пен лауазымдық өкілеттерін асыра пайдалануы фактісі (ҚР ҚК-нің 362-бабының 4-бөлігі) бойынша К-ге қатысты іс қаралды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Сотпен анықталғандай, К. Алматы облысы ҰҚКД бастығы бола тұра, өзінің лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалана отырып, 2022 жылғы 5 қаңтарда орын алған оқиғаларды ескере келе, өзінің лауазымдық міндеттерін елемей, жеке құрамға департамент ғимаратын қорғау жөнінде шаралар қолданбауға; әкімшілік ғимараттан кетуге; қызметтік және құпия құжаттаманы жоюға және тұрғылықты жерлеріне тарауға заңсыз бұйрық берген, оның салдары кейін ҰҚКД ғимаратын басып алуға әкеліп соқтырды ("құпия" деген белгіге байланысты басқа мән-жайларды жария ету мүмкін емес)", - деп хабарлады Талдықорған сотының баспасөз қызметі.
Сот үкімімен К. 362-баптың 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды және оған 10 жыл мерзімге құқық қорғау органдарында белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалғаны да нақтыланады.
"Қазақстан Республикасының Президентіне К.-ге қатысты Ұлттық қауіпсіздік генерал-майоры арнаулы атағынан және мемлекеттік наградалар мен ордендерден айыру туралы ұсыныс енгізілді. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ", - делінген Талдықорған сотының баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан