Алматы гарнизонының әскери соты қаңтар оқиғасы бойынша үкім шығарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Алматы гарнизоны Әскери соты Қылмыстық кодекстің 451-бабы 2-бөлігі 1-тармағы - қару қолдана отырып, өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін сотқа берілген әскери қызметші Е.-ге қатысты қылмыстық істі қарады.
"2022 жылғы 8 қаңтарда Талдықорғанда сотталушы Е. "АҚС-74" қаруын қолданып, "Тойота Королла" автокөлігіне бірнеше рет оқ атып, тоқтау талабына қарамастан қозғалысын жалғастырған. Нәтижесінде екі адамның денсаулығына ауыр зақым келтіріліп, соның салдарынан қаза болған. Сотталушының кінәсі іс бойынша жиналған дәлелдемелер, яғни жәбірленушілер мен куәгерлердің айғақтарымен, сот-баллистикалық, сот-медициналық сараптамалардың қорытындылары және заттай дәлелдемелермен дәлелденді", - делінген Алматы гарнизоны әскери сотының баспасөз қызметі өкілдеріне сілтеме жасап.
Прокурор сотталушы Е.-ны 7 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сотталушы өз кінәсін мойындамады.
"Е.-ның әрекеті ауыр қылмыстар санатына жатады және оларды жасағаны үшін 5 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Үкім шығару кезінде сот қылмыстық жауаптылықты жеңілдететін және жазалау мән-жайларын белгілемеген. Қылмысты ауырлататын мән-жайлар ретінде төтенше жағдайда қылмыс жасауды, берген антын бұзуды таныды. Жасалған қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін ескере отырып, Е., ақыры, 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Жәбірленуші тараптың пайдасына 7 миллион теңге моральдық шығын өндірілді", - делінген хабарламада.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!