Қаңтар айындағы ҰБТ басталғаннан бері 15 мыңға жуық адам тест тапсырды. Оның ішінде талапкерлердің 67 пайызы қазақ тілінде, 32,9 пайызы орыс тілінде, 13 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті. Ұлттық тестілеу орталығы қаңтар айындағы ҰБТ-ның бірінші аптасы бойынша аралық қорытындыны жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
ҰБТ басталғалы шекті балды 67 пайызға жуық талапкер жинады. Орташа балға келетін болсақ, ол 59 балды құрады. Ең жоғары балл – 133.
"Қаңтар айындағы ҰБТ-ның бірінші аптасы аяқталды. Тестілеу 10 ақпанға дейін өтеді. Естеріңізге сала кетсем, тестілеуге қатысуға 136 мың өтініш келіп түсті. Қазіргі таңда тестке қатысушылардың басым бөлігі, атап айтқанда, 19 пайызы "Математика-Физика" пәндер комбинациясын тапсырды. 14 пайызы "Биология-Химия" комбинациясын таңдаған. Ең аз таңдалған комбинация – "Химия-Физика", оны 22 адам тапсырған", - деді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.
Бүгінгі таңда 12 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 5 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Өзге тұлғалар анықталған жоқ.
Айта кетейік, 2024 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда түсушінің ҰБТ нәтижелері жойылады.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!