Үкіметте өткен брифингте ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов бірқатар өңірде қант бағасы өсуі тапшылықтан емес, маусымдық сұранысқа байланысты екенін мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Азат Сұлтановтың айтуынша, жаз мезгілінде үйде түрлі өнім дайындалады, сондықтан қантқа деген сұраныс та артады.
"Кейбір өңірлерде қант бағасы өсуі компот, тосап және тағы басқа өнімдер дайындалатын маусым басталуына байланысты болып отыр", - деді вице-министр.
Сонымен қатар, Ауыл шаруашылығы министрлігі алдағы уақытта баға айтарлықтай көтеріледі болжап отырған жоқ. Азат Сұлтановтың сөзінше, биыл қант қызылшасынан мол өнім болжанып отыр. Қазір елде отандық шикізатты өңдейтін үш қант зауыты жұмыс істеп тұр. Бұдан бөлек, Тараз қант зауытында қант қызылшасын өңдеуді іске қосу жоспарланған.
Вице-министр қанттың бір бөлігі Латын Америкасы елдерінен жеткізілетін импорттық шикізаттан өндірілетінін еске салды. Сонымен қатар, дайын қанттың едәуір бөлігі әлі де Ресейден импортталады.
"Әкімдіктердің қоймаларында қант қоры бар. Баға құбылған жағдайда осы қор сатылымға шығарылады, бұл бағаның өсуін тежеуге мүмкіндік береді. Тапшылықтан қорқудың қажеті жоқ. Бүгінде қоймаларда қанттың үш айлық қоры бар", - деді Азат Сұлтанов.
Айта кетейік, 2022 жылы жазда Қазақстанда қант тапшылығы туындап, баға күрт өсті. Сол кезде елде қантты сатуға қатысты шектеулер қойылып, Үкімет нарықты тұрақтандыру және жеке өндірісті ұлғайту бойынша шаралар қабылдаған болатын.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!