Әлеуметтік желі мен БАҚ-та Роза Рымбаева қыруар қаржыға концерт өткізгелі жатқаны туралы ақпарат тараған еді. Ол "Менің өмірім" бағдарламасында осы жайтқа қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz.
Оның сөзінше, халыққа өзі есеп бергісі келген.
"Халыққа 7 жылдан бері есеп берген жоқпын. "Есеп берейінші" деген ойым болған. Ол концерттер бола ма, болмай ма белгісіз. Мен концерт бергенде, үлкен оркестр болады, фольклорлық ансамбль болады, балет болады. Үлкен экран контент, декорация, костюмдер тігіледі. ...Оның бәрі үлкен қаржы. Сондықтан әкімшілікке ұсынысыммен шыққанмын. Солар шешкендей болады. Біраз әңгімелер болды. "Осы күні қант жетпей қап жатқан кезде қайдағы концерт?" дегендей. Бірақ әкімшіліктің мәдениетке бөлетін қаржысы бір бөлек, қант зауытына байланысты емес. Сондай-сондай әңгімелер болды. ...Қанша жыл концерт беріп келе жатырмын, олардан пайда көріп, байып кетіп жатқан жоқпын немесе "көрінбей қалдым" деген мақсат жоқ. ...Көбіне ол концерттің барлығын өз қаржыма өткізетінмін. Бірақ қазір бұрынғы бағаның бәрі 3 есе өсіп кетті. 3 жыл бойы жұмыссыз отырмыз, өзіңіз білесіз. Сондықтан әкімшілік қолдаса, әкімшіліктің атынан берсем дегем және әкімшіліктің оркестрімен жұмыс істеймін. Ресми жұмысым сол. Әкімшілікке қарайтын әншімін. Сондықтан концерттік бағдарламамызды қолдаушы кім? Әкімшілік. Біраз әңгімелер болды. Жыл аяғына дейін әлі де уақыт бар. Болса болады. Болмаса, маған емес, көрерменге керек", - деді ол.
Әнші концерттерде әдетте жетпей қалған ақшаны өзі қосатынын жеткізді.
"Бір залдың жалдау құны, декорация, жарық, контент, оркестрдің дайындығы, орындалатын шығармалардың авторлары, балет, режиссердің жұмысы, костюм, қойылым, телеарна тегіннен-тегін түсірмейді. Соның бәрін есептесек, тең жартысы әкімшілікке қарайтын Алматы жарнама, залға кетіп қалады. Көйлекке ақша тапсам, бұйырмасын. Керсінше, жылда концерт беріп жүрміз ғой. 20-30 мың долларды үстінен қосамын", - дейді әнші.