- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қанша қазақстандықта төлқұжат...
Қанша қазақстандықта төлқұжат бары анықталды
Қазақстанда қанша адамда төлқұжат бар? Қанша адам азаматтығын растайтын құжатсыз жүрген? Елде Кеңес кезіндегі ескі төлқұжатпен жүргендер бар ма? Massaget.kz редакциясы бұл сауалмен Ішкі істер министрлігіне жүгінді.
Ведомство мәліметінше, министрлік екі жыл ішінде құжатсыз және азаматтығы белгісіз адамдарды анықтау үшін іс-шаралар жүргізген. Нәтижесінде 8 мыңнан аса адам азаматтығы көрсетілген құжатсыз жүргені анықталған. Оның ішінде 5 мың адам Қазақстан азаматы екенін растап, жеке куәлік рәсімдесе, азаматтығы жоқ 3 мыңнан аса адамға куәлік берілген.
Қазақстанда Кеңес кезіндегі ескі төлқұжаттарды жаңасына ауыстыру 1994 жылы енгізілген. 1974 жылғы үлгідегі КСРО төлқұжаттарын жаңа төлқұжат пен жеке куәлікке ауыстыру 1999 жылғы 1 наурызда аяқталған.
"1994 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Қазақстан Республикасы ІІМ жүйесінде 14 962 584 төлқұжат және 41 585 577 жеке куәлік шығарылды. Ал 692 467 төлқұжатта азаматтардың ұлты көрсетілмей дайындалды", - делінген хабарламада.
Алайда елде 1974 жылғы үлгідегі КСРО төлқұжатын қанша адам ауыстырмағаны туралы ақпарат жоқ, себебі мұндай төлқұжаты барлар есепке алынбаған.
Ведомство мәліметінше, жыл басынан Қазақстанда 133 мыңнан аса төлқұжат берілген. Ал елде барлығы 5 974 698 жарамды төлқұжат бар.
Демек, халықтың төрттен үш бөлігінде төлқұжат жоқ.
Тұрар Қазанғапов
Төлқұжат қандай жағдайда жаңасына ауыстырылады?
- қолданылу мерзімінің аяқталуына;
- одан әрі пайдалануға жарамсыздығына;
- жоғалуына;
- иесінің құқық мәртебесіне сәйкес келмеуіне;
- жынысының өзгеруіне байланысты.
Ведомство мәліметінше, жарамсыз болып қалған төлқұжаттар айына бір рет жойылады.
Айта кетейік, Қазақстанда әкімшілік заң бойынша мерзімі өткен төлқұжат үшін жауапкершілік қарастырылмаған.
Сондай-ақ, қазақстандықтар 70-тен аса елге визасыз бара алады. Қай елге визасыз бара алатыныңызды мына жерден тексеріп көріңіз.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек