- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қанша қазақстандық жүргізуші...
Қанша қазақстандық жүргізуші куәлігін онлайн алды?
ІІМ көрсетілетін қызметтерді қолжетімді және ашық ету мақсатында олардың кейбірін смартфондарға шығарды. Онлайн-қызметтер іске қосылған сәттен бастап оларды 7 миллионнан астам азамат пайдаланды, оның ішінде 167 мың адам жүргізуші куәлігін ауыстырған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Автокөлікті басқарудың міндетті шарттарының бірі – жарамды жүргізуші куәлігінің болуы. Жүргізуші куәлігі мен техпаспортты алып жүруді міндеттемеу мақсатында ІІМ оларды "цифрландырды" және құжаттардың цифрлық аналогтарын пайдалану үшін заңнаманы өзгертті.
Бұл қызмет көрсету мерзімін орта есеппен 4-5 есеге қысқартуға, қағазбастылықтан арылтуға және ХҚКО-лардағы кезектерді азайтуға мүмкіндік берді.
Сондай-ақ ІІМ жүргізуші куәліктерінің қолданылу мерзімі өтуге жақындаған кезде оларды уақтылы ауыстыру қажеттігі туралы еске салатын SMS және push-хабарламаларды жіберу сервисін енгізді.
"Бұрын жыл сайын ХҚКО-ға қолданылу мерзімі өтіп кеткен жүргізуші куәліктерін ауыстыру үшін 400 мыңға жуық азамат жүгінетін. Енді жүргізуші куәлігін онлайн режимде екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы ауыстыруға болады. Жүргізуші куәлігін жаңарту үшін осындай қосымшалардың біріне кіріп, биометриялық тексеруден өтіп, өз смартфоныңызға суретке түсу жеткілікті. Өтінім ІІМ дерекқорында өңделгеннен кейін жаңа жүргізуші куәлігі 10-15 минут ішінде автоматты түрде шығарылады", - делінген ІІМ таратқан хабарламада.
Азамат ХҚКО-дан жаңа құжатты өзіне ыңғайлы кез келген уақытта ала алады, ал автокөлікті смартфондағы "цифрлық" жүргізуші куәлігі нұсқасы бойынша бірден жүргізе беруіне болады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан