Қазақстанда 101 мың адам Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Биыл 98,1 мың адамға төлем алғаш рет тағайындалды.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жұмыстан босатылған жұмыскерлер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және кейінгі 24 айдағы табысына байланысты 1 айдан 6 айға дейін жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлемдер алады. Төлем жоғалған кірістің 40 пайызына дейінгі мөлшерде МӘСҚ қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Төлем тағайындау үшін жұмыстан босатылған жұмыскерге:
Бұл қызметті онлайн режимінде Электрон еңбек биржасы (enbek.kz) арқылы да алуға болады.
Жұмыссыз ретінде тіркелу туралы мәліметтер болған кезде Еңбекминінің ақпараттық жүйесі проактив форматта МӘСҚ-тан төлемді тағайындау бойынша қызмет көрсетуге келісу үшін мобильді телефонға SMS-хабарлама жібереді. Келіскен жағдайда SMS-хабарламаға жауап беру қажет. Төлем автоматты түрде тағайындалады.
Еске салайық, МӘСҚ қаражаты есебінен жұмыстан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем жұмыстан шығу себептеріне қарамастан жүзеге асырылады және жұмыссыз адамды ол жұмыс іздеген кезеңде қолдауға арналған.
Мемлекет басшысының биылғы 1 қыркүйектегі Жолдауын іске асыру үшін 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап табысты алмастыру коэффициентін 40 пайыздан 45 пайызға дейін ұлғайту көзделеді. Бұл ретте төлем тағайындау тәртібі сақталады және жұмысынан айырылған және жұмыссыз мәртебесін алған жүйеге қатысушыларға ғана қолданылады.
Жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем мөлшерін арттыру 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша жұмыс істеп тұрған алушыларға да әсер етеді, ол автомат түрде жүргізіледі.
Бұған дейін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Электрон еңбек биржасы арқылы халықты жұмыспен қамту орталықтарының қашықтықтан қызмет көрсету функционалын іске қосты.
Бұл жұмыссыздарды тіркеу және азаматтардың жұмыспен қамтуды қолдау бойынша мемлекеттік қызметтерді, оның ішінде жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдерді алу рәсімдерін жеңілдетуге мүмкіндік берді. Енді барлығын тек интернет, компьютер және электрондық цифрлық қолтаңба арқылы ғана жасауға болады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!