- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- “Қанша біртүрлі естілсе...
“Қанша біртүрлі естілсе де...“. Актриса Дана Есеева күйеуі туралы
Блогер Мейіржан Төребаевтың әйелі актриса Дана Есеева басына түскен сынақ күйеуіне қалай әсер еткені туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Әсел Садуақасованың youtube-арнасына сілтеме жасап.
Оның айтуынша, демалыста Мейіржан үйге келіп тұрады.
"Көпшілігі Мейіржан туралы айтыңызшы дейді. Не айтуға болады, иә, ол қамауда. Екі жыл бойы уақытша ұстау изоляторында болды. Бірнеше ай үй қамаққа шықты. Кейін қайтадан уақытша ұстау изоляторына оралды. Себебі сот отырысы өтті. Биыл оны Павлодардағы басқа колонияға ауыстырды. Ерекшелігі - күндіз жұмыс істейді, кешкісін өз мекемелеріне қайта оралады. Уақытша ұстау изоляторында тек қана төрт қабырғаға телміріп отырсаң, мұнда басқаша - жұмысқа шыға алады. Одан бөлек қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді демалыстар беріліп тұрады. Сол кезде қауышамыз. Әйтпесе көпшілігі "біресе үйінде", "біресе түрмеде" деп түсінбей жатады. Оларда сондай алгоритм жүйесі бар. Бес жылдың 3 жылын осылай өткізіп жатыр", - деді ол.
Актриса күйеуімен кездесу мақсатында бір рет Павлодарға ұшып барғанын айтты.
"Сол кезде көріскенбіз. Бірақ демалыс берілетінін білгеннен соң оның үйге келуін күттім. Негізі түрмеден адам өзгеріп шығады деп айтып жатады. Бұл шындық, не жақсы, не жаман болып шығасың. Яғни агрессияға толып немесе сол қателігінен тәжірибе алып шығатын адамға айналасың. Мейіржанның басына бұл сынақ түскенде өзіне көп сұрақтар қойды. Ол Gallup талдауы бойынша негізі көкшіл түске жатады. Яғни сезіну, рухани, адамгершілік бойынша жоғары орында. Ал менде мұндай қасиеттер аз. Мейіржан адамды тыңдай алады, түсінеді, айтылған оқиғаны өз бойынан өткізіп барып, бірге талқылайды. Бұл жағдайда ол сол жағынан өзін дамыта алды. Себебі түрмеде қаншама адам бар, олардың оқиғасы да әртүрлі. Мейіржан естіген әңгімелерін талдап, "бұл адамға қалай көмектессем екен","не айтсам болады" деп ойланып жауап беруге тырысатын. Маған "олардың әңгімесін тыңдаған сайын фильм көргендей әсер аламын" деген еді", - деді актриса.
Оның айтуынша, бұл сынақ Мейіржан Төребаевтың бойындағы қабілетін ашып жатыр.
"Мейіржанның жасы 40-та, оның бойынан бұрын байқамаған мықтылықты байқадым. Ақылды болу мен мықтылық екі түрлі нәрсе. Бұрын бойында балалық, жеңіл қарау секілді нәрсе болса, қазір тереңдік пайда болды десем болады. Кез келген нәрседе ойланып, барлық нәрсені талдайды. Қанша біртүрлі естілсе де бұл сынақ Мейіржанға көп нәрсе беріп жатыр. Әлі күнге беріп жатыр. Ол естігендерін, түйгендерін жазады, көп оқиды. Бұрын "отырып, кітап оқып, сценарий жазу керек" дейтін еді. Қазір сол отырып, кітап оқып, сценарий жазумен айналысып жүр. Бұрын тірліктің қамымен әрі-бері жүгіріп, ондайға уақыт тапшы болады ғой. "Барлық істің қайыры бар" деп текке айтылмаған. Мейіржанға бұл жақсы жағынан әсер етіп жатыр", - деді актриса.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
А. Жайыққызы