Танымал журналист Дана Нұржігіт әлеуметтік желідегі парақшасында термеші Елмұра Жаңабергеннің жақсылығын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның сөзінше, бір кездері баспанасыз қалған қиын күндер өткен. Сол кезде Елмұра Жаңаберген қол ұшын созған.
"Аштықта жеген құйқаның дәмі аузыңнан кетпейді… Елмұра…Эльмира Жаңабергенова досым, құрбымды Хабар арнасынан көрген анам тікелей эфирге хабарласыпты. Анам қатты қобалжып тұр. Дауысы дірілдеп, Эльмирамды көргендегі қуанышын сөзбен жеткізе алмай тұр. Бүгінде ел сыйлаған Елмұраның бізге жасаған жақсылығын қалай ұмытайын?! Оқу бітірген жылы жатақханадан шығып қалып, баспанасыз Алматыда қаңғып қалғанымызда анамыз екеумізді шақырып алып, "менің ай-күнім жақындап қалды, елге барып босанамын. Бөпем қатайғанша елде боламын. Сіздер оған дейін жатақханадағы менің бөлмемде тұра беріңдер!" деп үйін беріп, анам екеуміз қаладан пана таппай жүргенімізде жылы ұясын ұсынған, жаным менің. Анам сол жылы Есік педагогикалық училищесінде музыкалық факультеттен қысқарып, қалаға жұмыс іздеп келгенді… 47 жасында мұғалімдіктен, Абай атындағы опера театрындағы хорға кірді. Сол жерден зейнеткерлікке шықты. Мен болсам, Елмұраның бөлмесінде жатып, алғашқы репортаж, сценарийлерімді жаздым, эфирге шығып жүрдім. Бүгінде бәріміз жер ортасына келдік. Бірақ адал достың сол жақсылығы, мәрттігі мен мейірімі осы күнге дейін өмірімізге сәулесін шашып, "мынау фәни дүнияда мейірім мен адамгершіліктің бар екенінен үміт үзбеңдер, әй, адамдар!" деп тұрғандай", - деп жазды Дана Нұржігіт.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!