"Қаңғыбас иттерді заң қорғайды, ал біздің құқығымыз ше?" Маңғыстауда бір шаруашылықтың 40 ешкісі қырылып қалды

"Қаңғыбас иттерді заң қорғайды, ал біздің құқығымыз ше?" Маңғыстауда бір шаруашылықтың 40 ешкісі қырылып қалды
Фото: Massaget.kz / Сая Мәжитқызы

Маңғыстауда бір шаруашылықтың асыл тұқымды 40 ешкісін қаңғыбыс иттер тамақтап кетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Батыр ауылының тұрғыны, бірнеше жылдан бері асыл тұқымды ешкі шаруашылығын дөңгелетіп отырған кәсіпкер бір түнде қыруар шығынға ұшырады. Құны қымбат, 40-қа жуық ешкісін қаңғыбас иттер қырып кеткен. Осы түліктердің өнімін сатып, бүтін бір отбасын асырып отырған Құмар Нұрпейісова енді не істерін білмей дал. Иттердің де көзін құрта алмайды себебі, заң қатаң.

"Бәрін тек мойындарынан тістеп, қырып кете берген ғой. Ешқайсысын жемеген. Ішінде бір ешкімнің қарнын жарған. Қалғанының бәрінің тек мойнынан тістеп кеткен. Осы ешкілерді "Нұр Капитал" бағдарламасымен 15 ешкіні 400 мыңнан 6 миллион теңгеге алдырғанмын. Берешегімді әлі 7 ай төлеймін", - дейді шаруа.

Қырылған ешкілердің көбі асыл тұқымды жануарлар арасындағы көрмеде жүлделі болған төлдер екен. Күніне кем дегенде 50-60 литр сүт береді. Олардың нарықтағы бағасы 400 мың теңгеден басталады. Демек, 40 бас ешкі шамамен - 15 миллион теңге тұрады. Кәсіпкер ешкілерді несиеге алған.

"Оқиға болған күні әкімдіктен мамандар келіп, шығынды есептеп, ешкіні суретке түсірген. Содан бері хабар-ошарсыз. Қаңғыбас иттерді заң қорғайды, ал біздің құқығымызды кім қорғайды", - дейді шаруа иесі.

Мұнайлы аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары Бекболат Қабатбаевтың айтуынша, шығынға ұшыраған кәсіпкердің "Бір ауыл-бір өнім" жобасына қатысып, 5 миллион теңге грант ұтуына мүмкіндігі бар.

"Ол бойынша енді біздің ауыл шаруашылық бөлімі тарапынан және Батыр ауылдық округі мамандары және ветеринарлық станция бөлімі тарапынан АКТ жасақталып, тиісті басқармаларға, шара алу бойынша хат жолданды. Қазіргі таңда нәтижесін күтудеміз. Аталған кәсіпкерлікті, шаруа қожалықты қолдау мақсатында облысымызда "Бір ауыл-бір өнім" бағдарламасы аясында берілетін 5 млн грантқа, яғни жергілікті тауар өндірушілерге арналған кәсіпкерді қолдау мақсатында, сол жобаға қатысуға ықпал жасап жатырмыз", - дейді Бекболат Қабатбаев.

Сая Мәжитқызы
Маңғыстау облысы

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz