Мексикалық боксшы, төрт салмақ дәрежесі бойынша әлем чемпионы Сауль Альварес қазақстандық Геннадий Головкинмен жекпе-жекке қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі vRINGe.com басылымына сілтеме жасап.
"Бізде екі жекпе-жек болды, ал жанкүйерлер үшіншісін қалайды деп ойлаймын. Мен реванштан кейін бәрі аяқталатынына сенімді болдым. Маған бұл жеткілікті болды. Бірақ жанкүйерлер өз сұрақтарына толық жауап ала алмады. Олар біздің қайсымыз мықты екенімізді нақты білуі керек", - деді Канело Matchroom Boxing YouTube арнасына берген сұхбатында.
Канело өз талаптарын былай деп түсіндірді: "Ол әрқашан мен онша мықты емес екенімді, Мексиканы ұятқа қалдырып жүргенімді айтты. Тағысын тағы. Дәл осы себепті мен оған ашуланамын. Бірақ бәрінен бұрын мен оған ашуланған себебімді айтайын, ол мұның бәрін менің көзіме айта алмайды. Біз бір-бірімізге қарама-қарсы тұрғанда, ол қандай да бір себептермен үндемейді. Бұған мен ашуланамын. Бірақ мен оған спортшы ретінде құрмет көрсетемін. Ол жақсы, өте қиын қарсылас, мықты және ақылды, бокс тарихындағы ең ұлы боксшылардың бірі".
"Мен қазір шыңдала түстім, күшті, тәжірибелі бола түстім деп санаймын. Мен қазір форманың шыңына шықтым деп ойлаймын. Бұл шешуші рөл атқарады деп ойлаймын. Жанкүйерлердің пікірі ме? Жұрт айта береді. Егер ол жеңсе, олар бақытты болады. Егер мен жеңсем, мен туралы "бар болғаны 40 жастағы адамды жеңді" деп ойлайды. Олар не айтатыны маңызды емес. Мен үшін тағы бір нәрсе маңызды - менің кездесуге дайындығым, рингтегі әрекеттерім", - деді мексикалық.
Альварес үшінші жекпе-жектен кейін қол алысу туралы сұраққа да жауап берді. "Бұл менің ең үлкен жеңістерімнің бірі болады. Әр раундта қиын болады, бірақ тоғызыншы, оныншы немесе 11-раундта мен жекпе-жекті мерзімінен бұрын жеңіспен аяқтаймын. Жекпе-жектен кейін қол алысу бола ма? Білмеймін... Біз екінші жекпе-жекте бір-бірімізге қол тигіздік. Бәрі жақсы болып көрінді, содан кейін ол жекпе-жектен кейін мен туралы бірдеңе айта бастады. Мен әрқашан қарсыластар туралы жақсы және құрметпен айтамын. Мен қарсыластарды ұрысқа дейін және одан кейін құрметтеймін. Жекпе-жектен кейін қол алысу бола ма, жоқ па - білмеймін..." - деді ол.
18 қыркүйекке қараған түні Лас-Вегаста бокс кеші өтеді, оның басты жекпе-жегінде Геннадий Головкин мен Сауль Альварес кездеседі. Мексикалық екінші орта салмақтағы IBF, WBC, WBA Super және WBO нұсқалары бойынша абсолют чемпион атағын қорғау үшін жекпе-жекке шығады. Бұл - GGG мен Канелоның трилогиясы, олардың бірінші жекпе-жегі тең нәтижемен аяқталды, ал екіншісі - төрешілердің басым бөлігінің шешімімен мексикалықтың пайдасына шешілді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!