Ұлытау облысы Жәйрем кентінде жантүршігерлік оқиға болды. 42 жастағы әйел кісі қолынан қаза тапты. Марқұм - төрт баланың анасы. Қанды қылмысқа оның 33 жастағы азаматтық некедегі жолдасы күдікті деп танылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жақындарының айтуынша, марқұм Әйгерімге 20 рет пышақ жарақаты салынған. Әпкесінің айтуынша, ол өзін де, балаларын да асырап отырған. Дүкен сатып алып, сонда жұмыс істеген, бірнеше пәтер алып, оларды да тәулікке жалға беріп келген.
Әйгерімнің артында төрт баласы қалды. Үлкен ұлы - студент, екіншісі мектепте оқиды, кенжелері - бір ұл мен бір қыз. 5 жасар қызының мүгедектігі бар, кішкентай кезінде инсульт алған.
Әйгерім азаматтық некедегі жолдасымен ресми некеге тұрмаған. Әпкесінің сөзінше, басында ер адам қамқор болғанымен, уақыт өте келе агрессия көрсете бастаған, жұмыс істемей, ішімдікке салынған, ал барлық шығын Әйгерімнің мойнында болған. Туысының айтуынша, Әйгерімнің отбасында зорлық-зомбылық жиі болып тұрған. Соған қарамастан, Әйгерім қарым-қатынасты үзбеген.
Ал қайғылы оқиға күндіз болған. Әйгерім соңғы рет байланысқа сағат 13:55-те шыққан. Сол сәтте ол өз дүкенінде болған. Туыстарының сөзінше, азаматтық жолдасы келіп, оған пышақпен тап берген.
"Ол мас болған сияқты. Дүкеннің сөресі қанға бөккен. Оған 20 рет пышақ салған. Үш соққы өмірлік маңызы бар мүшелеріне, қалғаны арқасына тиген", - деді марқұмның әпкесі Дана.
Осыдан кейін ер адам өзіне қол жұмсамақ болған, бірақ аман қалған.
Ұлытау облыстық Полиция департаменті адам өлтіру дерегі бойынша соталды тергеу жүріп жатқанын хабарлады. Ведомство күдікті қаза тапқан әйелдің 33 жастағы азаматтық жолдасы екенін, ол қылмыс жасағаннан кейін өзіне зақым келтірмек болғанын және ауруханаға жатқызылғанын растады.
"Қазір ол медициналық мекемеде жатыр, полиция тәулік бойы күзетеді. Оған күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды. Емі аяқталғаннан кейін оны тергеу изоляторына ауыстыру жоспарланған", - деді полиция.
Тергеу барысы департамент басшылығының ерекше бақылауында.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова