Қандай заттарды сатып алған соң қайта өткізуге болмайды? Заңгер жауабы

Дүкендерде және базарларда сатып алған заттардың қандай жағдайда ақшасын қайтарып алуға болатыны және болмайтыны жайлы айтылды. Бұл туралы заң ғылымдарының кандидаты Сәуле Ермұхаметова жауап берді , - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Заңгердің айтуынша, "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы"  заңға сәйкес, сатып алған өнімді қайта өткізу бойынша белгілі ережелерді ұстану қажет.

Қандай заттарды қайта өткізе алмаймыз?

Заңда көрсетілген нақты аты аталған кей заттарды ақшасы төленгеннен кейін қайтаруға болмайды. Олар: 

"Кафе, базарлардан зат сатып алса нақты "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" заңға сәйкес, нақтырақ айтсақ, заңның 30-бабына сәйкес дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар; іш киімді; шұлық бұйымдарын; жануарлар мен өсімдіктер; метрлеп сатылатын тауарлар, атап айтқанда, барлық түрдегі талшықтардан жасалған маталар, тоқыма және перделік кенеп мата, жасанды тері, кілем бұйымдары, тоқыма емес материалдар, ленталар, шілтер, таспа, сымдар, баулар, кабель, линолеум, багет, пленка, клеенка; ұялы байланыстың абоненттік құрылғысы, азық-түліктер, дәрі дәрмектер, шұлықтар, метрлеп сататын заттардың ақшасын төлегеннен кейін ауыстыруға болмайды", - деп жауап берді Сәуле Райымқызы. 

Тұтынушы қандай жағдайда тауарды қайта өткізе алады?

Заңгер сатушының жоғарыда аталған заттарды қайтадан ауыстырып беруге, ақшасын қайтармауға толық құқылы екенін айтты. Ал жоғарыдағы тізімнен басқа заттарды белгілі бір шарттарға сәйкес айырбастауға және қайтаруға болады.

"Осы тізімнен басқа заттарды, егер сатып алушы тауарды пайдаланбаса, оның тауарлық түрі, тұтынушылық қасиеттері, пломбалары, заттаңбалары, сондай-ақ тауарды сатып алу фактісін растайтын құжат сақталса, егер шартта неғұрлым ұзақ мерзім белгіленбесе, тауар сатып алынған күннен бастап күнтізбелік он төрт күн ішінде сатушы (дайындаушы) оны айырбастауды немесе қайтаруды қамтамасыз етуге міндетті", - деп қосты заңгер. 

Чек болмаған жағдайда...

Егер тұтынушыға тауарды сатып алу фактісін растайтын құжат (чек) берілмеген немесе жоғалтып алған жағдайда ол сатушыға сатып алу дерегін дәлелдеуі керек. 

"Егер тауарды сатып алу фактісін растайтын құжат жоғалған немесе қандай да бір себептермен тұтынушыға берілмеген жағдайда, егер тұтынушы осы сатушыдан (дайындаушыдан) сатып алу фактісін дәлелдесе, онда тауарды айырбастау немесе қайтару жүргізілуге тиіс", - деп жауап берді маман. 

Сондай-ақ тамақ өнімдерін тек мерзімі өтіп кеткен, стандартқа сәйкес келмеген, бұзылған жағдайда ғана ауыстыруға болатынын айтты. 

Қайда жүгінуге болады?

Егер сіз тұтынушы ретінде құқығыңыз бұзылған болса, Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне жүгіне аласыз.

Тұтынушылық құқықтар бұзылған жағдайда шағымды E-tutynushy онлайн-сервисінің көмегімен беруге болады. Комитет мамандары азаматтарға тегін "жедел желі" телефондары бойынша кеңес береді.

  • 8-7172-74-98-32;
  • 8-7172-74-98-36;

Бұдан басқа төмендегі сілтемелер арқылы жүгіне аласыз:

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!