Танымал кәсіпкер Ахметбек Нұрсила Facebook әлеуметтік парақшасында актриса және продюсер Дариға Бадықованың "Таптым-ау сені" фильмін сынап, мұндай киноларды түсіруге тыйым салу керегін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ахметбек Нұрсила бұл фильмді ақша табу мақсатында ғана түсіргенін айтты.
"Таптым ау сені" деген фильм егер тереңірек қарасаңыз, "Қазақ деген халықты аздыруға біреу арнайы тапсырыс беріп түсірген бе?" деген ойға да қаласыз. Әрине олай емес, мақсаттары тек ақша табу ғой.
Сондай-ақ ол мұндай фильмдерді түсіруге тыйым салу керегін айтты.
"Осы кино қазақ жастарына қандай тәрбие береді? Ми нені көп көрсе, естісе соны автоматты түрде қабылдайды, программаланады. Бір кезде Бригада деген кино шыққанда дәл сол сияқты банда топтар жинаған жастар қаптап кетіп еді. Бұндай қазақты аздыратын, қоғамды бүлдіретін дүниелерді парламентте көтеріп, түсіруге тыйым салу керегін ым салдыру қажет! Елімізді қоқыс төгетін алаңға айналдырып барады мына "Шегірткелер"(((
Cұхбаттарында мен жайлы айтыпты деген соң шолып шықтым. Екі сөзінің бірі орысша, жаргон. Сөйлеу мәдениеті, өзін ұстау мәдениеті өте төмен жандар миллиондарға кино түсіріп, улауға моралдық құқықтары жоқ!
"Таптым ау сені- 2" түсіреміз деп жоспарлап жатыр екен. Ел болып, жұрт болып Қазақ елінің жастарының санасын былай улай беруінен сақтануымыз керек. Депутат мырзалар! Осы мәселе жөнінде не айтасыздар? Заң шығарып, шара қолдануға бола ма?", - деп жазды Ахметбек Нұрсила.