Құрамында каротиноидтары көп тағамдарды шамадан тыс тұтыну адамның терісінің сары немесе қызғылт-сары түске боялуына әкелуі мүмкін. Бұл жайлы диетолог Антонина Стародубова айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "РИА Новости"-ге сілтеме жасап.
Диетолог сәбіз, асқабақ, асжапырақ (шпинат), құрма және мандаринді шамадан тыс көп жемеуге кеңес берді.
"Кейбір адамдардың терісі, мысалы, сәбіз, өрік, асқабақ, асжапырақ, құрма, апельсин, мандарин секілді құрамында каротиноидтары көп өнімдерді шамадан тыс тұтыну кезінде сары немесе қызғылт-сары түске боялуы мүмкін. Оны тері аурантиазы немесе каротинді ксантодермия деп атайды", - деп түсіндірді Стародубова.
Әсіресе адамның бет терісі түсінің өзгергені байқалады. Диетологтың айтуынша, әсіресе мұрын-ерін қатпарларының, мұрын ұшының, беттің, құлақтың сырға тағатын жерінің сарғайғанын байқауға болады.
"Бұл жағдай қайтымды және рационды түзеткеннен кейін кетеді. Бұл жағдайдың патогенезінде бауыр мен өт жолдарының функционалды жағдайы маңызды, сондықтан терінің аурантиазы нақты емдеуді қажет етпейтініне қарамастан, терінің түсі өзгерген кезде, ауыр аурулардың дамуын көрсететін белгілерді жіберіп алмау үшін дәрігерге көріну керек", - дейді дәрігер.
Оқи отырыңыз: Бауыр ауруының айқын 4 белгісі
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз