Еркебұлан Дайыровқа Аружан есімді танысы "Алғашқы" бағдарламасы арқылы хат жолдап, сезімін білдірді. Хатты оқыған актер бұлай ғашық болады деп ойламағанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Актердің досы мектептегі алғашқы махаббаты Роза туралы айтты.
"Ауылдастарымыздың үйіне Алматыдағы туысқандары, немересі келеді. Ауылдың балаларына бұл керемет жаңалық. Еркебұлан өзі сері жігіт, ондай кезде өнері тіпті күшейеді. "Айдеке, гитараңды алшы" дейді. Ән айтамыз, өлең оқимыз. Сосын ар жағынан қыз шығады. "Қарындас, таныспадық па?" деді Ерекең, ана қыз "меня зовут Роза" дейді ғой. Ерекең қобалжыды. Қасына барып, таныстық. Сосын бір-біріне сезім білдіріп, бала махаббат болып жүрді. Сол сәттен бастап Ерекең ең бақытты жан болды. Роза иіс су сыйлады, сурет салып берді", - деді досы Айдос Тлеубекұлы.
Ал Алмас Шаяхметов әріптесінің 4 жыл бойы жақсы көрген жауапсыз махаббатын еске алды.
"Бәріміздің де махаббатымыз болды. Бірақ Еркебұландыкі ерекше еді. Группаласымыз Арайға 1-курстан 4-курсқа дейін ғашық болды. Арайдың жанына келсе, мүлдем сөйлей алмай қалатын еді. Үндемей жүрді. Сөйтіп жүрген кезде Араймен Нұрхан жүріп кетті. Мына жақта күйзелгені бар. Өзі кешігіп жүреді ғой. Махаббатқа да кешіккені бар", - деді ол.
Өнер иесі тағдырына риза екенін айтты.
"Ғашық болған кезде адам ұйықтай алмайды ғой. Оқуды тәмамдайтын жылдары ұйықтау мәселе болды. Ғашық болдым. Өмірімдегі алғашқы ғашықтық деп айтар едім. Хат та жаздым. Бірақ менікі қоштасу хаты еді. Хатым иесіне жеткенімен, ешқандай жауап болмады. Онымен өмір бітіп жатқан жоқ қой, түсіндім.
Махаббатқа бір рет кешіккен шығармын. Негізінде "кешіктім, уақытымды өткізіп алдым" деп айта алмаймын. Не нәрсе болуы керек, сол нәрсе болды. Ешқандай реніш жоқ. Тағдырыма өкпе жоқ", - деді Еркебұлан Дайыров.
Тағы да оқи отырыңыздар: Шілдехана мен бесік тойға арналған тілектер
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!