Қандай жағдайда көлік айдап келе жатып телефон ұстауға болады? ІІМ түсіндірді

Қандай жағдайда көлік айдап келе жатып телефон ұстауға болады? ІІМ түсіндірді
Фото: depositphotos.com

Қазақстанда жүргізушілерге рөлде отырып телефон қолдануға болмайтыны ескертілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ішкі істер министрлігі көлік жүргізу кезінде телефонды қолға алып кез келген әрекет жасау заңбұзушылық болып саналатынын айтты. Бұл тіпті навигация қарау немесе тапсырыс қабылдау жағдайына да қатысты болмақ.

Осы мәселені ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің өкілі Ақтоты Боранова түсіндірді.

Оның айтуынша, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 591-бабы көлік басқару кезінде телефон қолдануға нақты тыйым салады.

"Көлік жүргізіп келе жатқанда телефонды қолға алуға, сөйлесуге, TikTok көруге немесе хат жазуға болмайды", — деді ол.

Алайда заңда телефонды қол тигізбей қолдануға рұқсат бар. Яғни, дыбыс күшейткіш (громкая связь), автокөліктегі гарнитура немесе құлаққап арқылы сөйлесуге болады. Сондай-ақ, телефон арнайы ұстағышқа бекітіліп, GPS-навигация ретінде қолданылса, бұл заңбұзушылыққа жатпайды.

Министрлік өкілдері кептеліс кезіндегі жағдайға да тоқталды. Егер көлік толық тоқтап тұрса, жүргізуші аз уақытқа телефонды қарауына болады. Дегенмен полицейлер бұдан да бас тартуға кеңес береді.

"Толық бақылау жоқ, бірақ телефонды қолға алмаған дұрыс. Себебі заңда "көлік басқару кезінде" деп нақты көрсетілген", - деді Боранова.

2026 жылы рөлде отырып телефон қолданғаны үшін айыппұл 5 АЕК (21 625 теңге) көлемінде белгіленген. Егер бір жыл ішінде қайта бұзса, айыппұл 10 АЕК-ке дейін өседі. Айыппұлды дер кезінде төлесе, 50 пайыз жеңілдік қарастырылған.

Сондай-ақ6 ІІМ басқа да жиі кездесетін құқықбұзушылықтарды еске салды. Мәселен, қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін 5 АЕК айыппұл салынады.

Ал бағдаршамның қызыл түсіне немесе реттеушінің тыйым салған белгісіне қарамай өткен жағдайда 10 АЕК айыппұл қарастырылған. Қайталанса, бұл көрсеткіш 15 АЕК-ке дейін артады.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Massaget.kz
Logotype Massaget