- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қандай жағдайда бала...
Қандай жағдайда бала асырап алуға рұқсат берілмейді?
"Балалы үй базар" демекші, елімізде бала сүйе алмай отырған қаншама отбасы бар. Дегенмен бұл мәселені шешудің бірнеше жолы бар екенін ұмытпаған жөн. Оған қоса, қандай бір жақын туысыңыз қайтыс болып, оның балалары жетім қалса, сіз оларды толық жауапкершілігіңізге ала аласыз. Алайда Қазақстан Республикасының заңына сәйкес бала асырап алу үшін қойылатын белгілі бір талаптар бар. Осыған байланысты Massaget.kz тілшісі қандай жағдайда бала асырап алуға рұқсат берілмеуі мүмкін екенін анықтап көрді.
Бала асырап алуға ниетті адамның отбасында баланың қалыпты физикалық, психикалық, рухани және адамгершілік дамуы, тәрбиесі мен білімі үшін барлық жағдай жасалған болса, оған рұқсат етіледі. Бала асырап алуға рұқсат берілмейтін адамдар:
- сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп таныған адамдар;
- сот ерлі-зайыптының бірін әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танығандар;
- сот ата-ана құқықтарынан айырған немесе шектелген адамдар;
- өзіне ҚР заңымен жүктелген міндетті тиісінше орындамағаны үшін қамқоршы міндетінен шеттетілген адамдар;
- бұған дейін бала асырап алып, соттың шешімен құқығынан айрылған адамдар;
- денсаулығына байланысты ата-ана міндетін орындай алмайтын адамдар;
- тұрақты тұрғылықты жері жоқ адамдар;
- дәстүрлі емес жыныстық бағдарды ұстанатын адамдар;
- бала асырап алған уақыт аралығында қасақана қылмыс жасағаны үшін өтелмеген соттылығы бар адамдар;
- азаматтығы жоқ адамдар;
- асырап алынатын балаға ҚР заңнамасында белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейін қамтамасыз ететін табысы жоқ адамдар;
- наркологиялық немесе психоневрологиялық диспансерлерде есепте тұрған адамдар;
- қылмыстық құқықбұзушылықтары бар: кісі өлтіру, денсаулығына қасақана зиян келтіру, халықтың денсаулығы мен имандылығына қарсы іс-әрекет, жыныстық қол сұғылмаушылық, экстремистік немесе террористік қылмыстар, адам саудасы үшін қылмыстық қудалауға ұшырағандар;
- психологиялық даярлықтан өтпеген азаматтар.
Ресми некеде тұрмаған адамдар бір баланы бірлесіп асырап ала алмайды.
Сонымен қатар, жас айырмашылығы туралы да ұмытпаған жөн. Бала асырап алушы мен асырап алынатын баланың жас айырмашылығы кем дегенде 16 жаста болуы керек. Сот дәлелді деп таныған себептерге байланысты жас айырмашылығын азайтуға болады.
Бұдан бөлек, егер бала асырап алуға өтініш беруші мына аурулармен ауыратын болса, оған рұқсат берілмейді:
- Психикалық аурулар;
- Маскүнемдік, нашақорлық, уытқұмарлық.;
- Туберкулез (бактерия бөлетін созылмалы, алғаш рет анықталған, бацилла бөлетін;
- Жыныстық жолмен жұғатын аурулар;
- Алапес;
- Біріктіруші тіндерді ыдыратудың ауыр сырқаттары (жүйелі қызыл жегі, склеродермия, дерматомиозит);
- Ороговенияның бұзылуымен ауыр дерматоздар (ихтиоздардың ауыр нысандары, ихтиозонысанды эритродермия, артропатиялық псориаз);
- Ауыр созылмалы буллездік дерматоздар (акантолиттік көпіршік, пемфигоид, терінің ихтиозонысанды зақымдануы, буллездік эпидермолиз);
- Медициналық қорытындының негізінде тұрақты басқа күтім мен көмекті қажет ететін аурулар.
Тағы да оқи отырыңыздар: Әлемдегі ең үлкен мемлекет қандай?
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Б. Жұмаділлә