Отандық киноиндустрияның 2023 жылғы қорытындысы жасалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының баспасөз қызметі өкілі Жангелді Өмірәлиев әлеуметтік желідегі парақашасында жазды.
Биыл еліміздің прокатына 400-ден аса фильм шықса, соның 74-і - отандық кино.
"Сол 74 фильмнің 56-сы комедия. Енді әзірше ақша әкелетін жанр осы болып тұр, ал кино - ол, ең алдымен, бизнес. Бұрын тек Нұрлан Қоянбаев "Қазақша бизнеспен" миллиардтар жинаушы еді, биыл Дариға Бадыкованың "Таптым-ау сені" комедиясы екі аптада 1,5 миллиард теңге жинап алды, ал "Маған назар аудар" және "Хотя бы кинода 2" картиналары да миллиардқа жуық қаражат жинады. Сол 56 комедияның 15-і Kinopark-тың арзан қол өнімдері. Оның 8-інде Рамазан Амантай ойнайды. Бұл да бір көрсеткіш", - деп жазған ол.
Жангелді Өмірәлиевтің айтуынша, жылдың басты жеңісі - "Міржақып. Оян қазақ!" фильмі.
"TikTok-тағы хайптың арқасында картина 1 миллиардтан аса қаражат жинады. Бұл - тарихи драма және дұрыс жарнама болған жағдайда комедиядан басқа жанрлар да жақсы ақша жинай алады деген сөз.
Жылдың ең басты актерлері - Олжас Абай және Дариға Бадықова. Сіздерге олардың ыржың-тыржыңы ұнамаса да, солай. Себебі жылдың ең үздік фильмдерінде осы екеуі ойнайды. Былай айтқанда - қазіргі отандық киноның бет әлпеті.
Жылдың үздік режиссеры - Асқар Ұзабаев. Жыл басында өте актуал "Бақыт" картинасын прокатқа шығарды. Ол да бірталай шулатып, жақсы нәтиже көрсетті. Фильмнің ең мықты тұсы - именно режиссура. Қазір Асқар Ресейде "Теща" атты картинасымен прокатты жарып жатыр және келесі жылы "Руки Вверх" туралы фильм түсірмек", - деп жазды ол.
Жангелді Өмірәлиев жылдың үздік драмасын, экспириенсін және үмітін атады.
"Жылдың фестивальді хиты - Асхат Кучинчирековтың "Бауырына салу" драмасы. Испанияның беделді фестивалінде әлемдік премьерасы өтті, Азияның "Оскарында" жүлделі болды және тағы да басқа фестивальдерде өзін көрсетті. Келесі жылы прокатқа шығады деп жоспарланып отыр. Жылдың экспириенсі - Қуаныш Бейсектің "Дәстүрі". Бұрын соңды бізде мұндай хоррор болмаған. Өте батыл жұмыс. Жылдың үміті - Дархан Төлегенов. Келесі жылы бұл режиссер жарады, көресіңдер - "Жаза" және "Братья" фильмдерін жіберіп алмаңыздар", - деп жазған ол.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!