Зиянкестермен тиімді күресу үшін жәндіктерді жоятын химиялық құралдар қажет. Олардың түр-түрі бар. Зиянкестермен күресетін арнайы компаниялардың көпшілігі адамдар мен жануарлар үшін зияны аз құралдар қолданады, бірақ соның өзінде қауіпсіздік ережелерін сақтау маңызды.
Қандаланы улау кезіндегі негізгі қауіпсіздік ережелері:
- Үйдің немесе кеңсенің ішін дәрілеу кезінде онда адамдар мен үй жануарлары болмауы керек;
- Дәрі шашылған үйге немесе кез келген басқа ғимаратқа жақсылап желдетіп алғаннан кейін 2-3 сағат өткен соң ғана келуге болады;
- Дәрілеуден соң сабын мен ас содасы ерітіндісін пайдаланып және қолға қолғап киіп, міндетті түрде үйді ылғал тазалау қажет;
- Үйді немесе кеңсені дәрілеу кезінде барлық терезе мен есік жабық болуы керек.
Дәрілеуден соң адам қалай уланып қалуы мүмкін?
Мұндай химиялық құралдардан улануға түрлі факторлар әсер етеді. Мысалы: жәндік жойғыш құралмен байланыс ұзақтығы, қосылыс табиғаты, зат уыттылығының деңгейі және дәрілерге дұрыс дайындалмау.
Жәндік жойғыш құралдар ағзаға қандай жолдармен түседі?
- Егер азық-түліктердің беті дұрыс жабылмаған болса, ол асқазан-ішек жолы арқылы ағзаға түседі;
- Химиялық құралдың буын немесе ұсақ бөліктерімен тыныс алса, ол ағзаға тыныс алу органдары арқылы түседі.
- Егер өңделген заттарды ұстағаннан кейін қолыңызды жумасаңыз, ол байланыс жолы арқылы түседі;
- Егер жәндік жойғыш құрал дененің ашық бөліктеріне тисе, ол тері қабаттары арқылы ағзаға түседі.
Жәндік жойғыш құралдармен уланудың белгілері
Жәндік жойғыш құралдармен уланудың жалпы белгілеріне бас ауруы мен әлсіздік жатады. Уланудың орташа және ауыр деңгейінде құсу және тыныс алудың бұзылуы байқалады.
Қандаланы улау қауіпсіз болуы үшін мына ұсыныстарды сақтаңыз:
- Жәндіктерді улаумен айналысатын арнайы компанияның көмегіне жүгініңіз;
- Өздігіңізден химиялық дәріні сенімсіз жерден сатып алудың қажеті жоқ. Себебі ол адам және үй жануарлары денсаулығына қауіпті болып шығуы мүмкін;
- Дәрілеудің алдында үйді оған дұрыс дайындау қажет. Мысалы, барлық тамақ беттерін жауып, тоңазытқышқа немесе шкафқа салыңыз, барлық ыдысты шкафтарға салыңыз. Үй шашылып жатпау керек, барлық затты жинап, шкафқа салыңыз немесе пакетпен қаптап қойыңыз. Сондай-ақ сабын, тіс щеткасы секілді гигиена құралдарында уақытша жинап алып кетіңіз немесе пакетке салып қойыңыз;
- Дәрілеуден соң үйді дұрыс тазалау керек;
- Үйді дәрілейтініңізді көршілеріңізге ескертіп айтыңыз.
Еске салайық, Ақтауда әйел пәтерде қандаланы улағаннан кейін екі бала өлі табылғанын жазған болатынбыз. Тұрғындардың сөзінше, пәтерлердің біріндегі әйел 20 қазанда қандалаларды уламақ болған. Алайда ол арнайы қызметке жүгінбеген. Дезинсекция үшін қажет заттарды ол Алматыдан алдырған. Көршілері әйел қандалаларды улайын деп жатқанын білмеген. Келесі күні жоғары қабатта орналасқан үйдегі екі бала қайтыс болған.