Delta Air Lines әуекомпаниясына тиесілі америкалық ұшақ Канададағы Торонтода Лестер Б. Пирсон атындағы халықаралық әуежайға қону кезінде аударылып қалды. Оқиға салдарынан шамамен 15 адам зардап шекті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
New York Post басылымы мәліметінше, төтенше жағдай қызметтері әуежайдағы оқиғаға байланысты жедел әрекет етіп жатқаны расталған.
Миннеаполистен ұшып келген борт қар басқан ұшу-қону жолағында аударылып қалған. Бұл әлеуметтік желілерде тараған суреттер мен видеолардан анық көрінеді.
Канадалық CP24 телеарнасының мәліметінше, шамамен 15 адам жарақат алған. Үшеуі, соның ішінде бір бала ауыр жарақат алған, қалған 12 адамның жарақаты жеңіл деп бағаланған. Барлық зардап шеккен адам ауруханаға жеткізілді.
Жарияланған кадрларға қарағанда ұшақ қатты зақымданғаны көрінеті: бір қанаты майысып, ал құйрық бөлігі жұлынып қалған.
Апат аймақтағы күшті дауыл кезінде болғаны айтылады. Демалыс күндері қар қалың жауып, әуежай қызметтері жексенбі түні бойы негізгі ұшу-қону жолақтарын тазалаумен айналысқан.
Әуежай қызметкерлерінің мәліметінше, апаттан кейін әуе айлағындағы барлық рейс уақытша тоқтатылған.
Еске салайық, 2024 жылы 25 желтоқсанда Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады. Бұл - Azerbaijan Airlines әуе компаниясына тиесілі Embraer 190 ұшағы. Ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған. Аман қалған 29 адам бар, оның ішінде 2-еуі - бала.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова