- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Канадада жұмыс істейтін...
Канадада жұмыс істейтін қазақ ғалымы шетелдегі өмірі туралы айтты
Бұдан бір ай бұрын Желіде "Қазақстанда ғылым дамымаған" деген пікір айтқан Дінмұхамед Шахманның видеосы аз уақытта көп қаралым жинады. Оның айтуынша, елімізде медиа кеңістікте тек танымал блогерлер көрініс табады. Ал ғылыммен айналысатын жастар әдетте тасада қалады. Бұл ойды Желі қолданушылары қолдап, түрлі пікір қалдырған.
Дінмұхамед Шахман мектеп кезінен химия саласын зерттеуге көңіл бөлген. Қазір ол Канадада жұмыс істейді, одан басқа, университет қабырғасында бірнеше шәкіртақы иегері атанған. Massaget.kz тілшісі кейіпкермен жастар арасында ғылымды қалай дамытуға болатыны және оның ғылым саласында жетістікке жету жолы туралы сұхбаттасты.
Алғашында бұл қызығушылық емес, жай кездейсоқтық болған
Дінмұхамед Шахман 7-сыныптан бастап химияны терең оқуды қолға алған. 2010 жылы Назарбаев Зияткерлік мектебіне түскен ол бірден химия пәнінен олимпиадалық резервке өткен. Оның ғылым саласындағы жолы осы уақыттан басталады.
"Талдықорғандағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне оқуға түскенімде химия пәнінен олимпиадалық резервке іріктеу болды (бірақ жетінші сыныпта химия пәні оқытылмайды - еск.). Іріктеу нәтижесі бойынша олимпиадалық резервке түсіп, химияны оқуға кірістім. Республикалық және халықаралық олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болған сайын бойымда сенімділік артты. Сондықтан химия қызығушылық емес, кәсібім дер едім", - дейді ол.
Дінмұхамедтің айтуынша, оның олимпиадалық резерв іріктеуінен өткені кездейсоқ жағдай. Ол сол кезде химияға қандай да бір қызығушылығы болмағанын айтады.
Дінмұхамед Шахманның жеке архивінен
Талмай еңбек ету қандай нәтиже әкелді?
Алайда кейін ғылымның бұл саласы арқылы кейіпкер ел аралап, түрлі шәкіртақы, жүлде иегері атанды. Дінмұхамед мектепті тәмамдаған соң 2015 жылы Назарбаев университетіне химия мамандығына оқуға түскен. Екінші курста оқып жүрген студент Шахмардан Есенов атындағы шәкіртақыны жеңіп алса, кейін Оңтүстік Кореядағы университеттердің бірінде тағылымдадан өту мүмкіндігіне ие болған.
"Екінші курста Есенов атындағы шәкіртақыны жеңіп алдым, ол кезде бір жылға айына 25 мың теңге төленетін. Кейін жазда Оңтүстік Корея университетінде тағылымдамадан өттім, онда барлық шығын өтелді. Үшінші курста Есенов атындағы қордың шетелде ғылыми тағылымдамадан өту конкурсы жеңімпаздарының бірі болдым. Бағдарлама бойынша алдымен Францияда, кейін Канадада білімімді жетілдірдім. Бакалавриаттың аяғында магистранттарға арналған DAAD неміс стипендиясының иегері атандым", - дейді кейіпкер.
Дінмұхамед Шахманның жеке архивінен
Мұның бәрі - талмай еңбек еткеннің арқасы. Дінмұхамедтің айтуынша, Шахмардан Есенов атындағы шәкіртақыға 200-ден аса өтініш жіберілген.
Дінмұхамед Шахманның жеке архивінен. Кореядағы тағылымдама
"Нақты есімде жоқ, бірақ 200-300 өтініш жіберілді деп ойлаймын. Іріктеу екі кезеңде өтті. Бірінші кезең оқу үлгерімі, ұсыным және уәждемелік хаттар, GPA және еріктілік тәжірибесі бойынша бағаланды. Екінші кезеңде бизнес сұхбат болды. Яғни, бірінші кезең академиялық көрсеткіштер бойынша бағаланса, екінші кезеңде сыни тұрғыдан ойлау, топта көшбасшы болу және қиын сәтте өз көзқарасыңызда қалу қабілетіңіз бағаланды. Шәкіртақыны жеңіп алғаныма өте қуаныштымын, өйткені Франция, Канада сияқты елдерде білімімді шыңдауға мүмкіндік пайда болды", - дейді ол.
Дінмұхамед Шахманның жеке архивінен. Франция
Шетелде тәжірибе жинаған Дінмұхамед магистратурасын Канадада жалғастыруға шешім қабылдаған. Алайда 4-курста жеңіп алған DAAD неміс шәкіртақысынан бас тартуға тура келді.
Кейіпкердің айтуынша, Канадада білім алу қиынға соқпаған, тіпті білім беру жүйесінде айтарлықтай айырмашылық байқамаған.
"Оқу қиын болды деп айтпас едім, бірақ екі жыл ішінде диссертация қорғау үшін қалаған нәтижеге қол жеткізу қиындау болды. Мен Назарбаев Университетінде оқығандықтан білім беру жүйесінде айырмашылық байқалмады. Студенттер пәндеріне өздері тіркеліп, профессордың жетекшілігімен ғылыми жұмыстарын жүргізді", - дейді Дінмұхамед.
Магистратурасын тәмамдаған соң кейіпкер бұл елде қалып, жұмыс істеуге шешім қабылдаған. Қазір ол Канаданың Торонто қаласында химия өндірісі зауытындағы зертханада химия маманы болып істейді. Оның айтуынша, жұмыс істеу өте ыңғайлы. Әрбір қызметкер өз құқығын біледі. Көбіне компанияларда медициналық сақтандырудың көп бөлігін қамтылады. Алайда нарық сегменті кең болмаған соң, сәйкесінше, жалақы да Америкамен салыстырғанда көп емес.
Дінмұхамед Шахманның жеке архивінен
Жастардың ғылыммен әуестенуіне қандай жағдай жасау керек?
Бұған дейін ол танымал порталдың трендтегі жастардың тізімін жариялағанын, алайда бұл тізімде ғылымды зерттеп жүрген жастардың жоғын айтып күйінді. Оның айтуынша, қазір жасөспірімдер арасында "дипломсыз-ақ ақша табу" кең таралып келеді. Бірақ пандемия сынды қиын кезеңде бізді СММ-мамандары құтқармайтынын алға тартты.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Дінмұхамед өскелең ұрпақтың ғылымға қызығушылығын арттыру үшін бірнеше ұсыныс айтты.
"Менің ойымша, бұған 2 нәрсе қажет. Біріншіден, мектептерді зертханалық жұмыстарға қажетті құрал-жабдықтармен жабдықтау керек, ол үшін жеткілікті қаржының болуы қажет. Екіншіден, теориялық білім беруден тәжірибе жасауға бағытталған дұрыс. Кез келген ғылыми саланы тек кітаптан оқып үйрену жеткіліксіз. Үшіншіден, балаларға үлгі боларлық ғалымдарды таныту керек", - деді ол.
Кейіпкер нақты химия пәніне қызығушылық танытқан оқушылар мен студенттерге де кеңес берді.
"Менің ойымша, химик мамандығы қоғамда әрқашан сұранысқа ие болады, өйткені айналамыздағы барлық нәрсе химияның арқасында жасалды. Мектеп оқушыларына химия пәнінен олимпиадаға қатысуға кеңес берер едім, сонда біліміңізді жетілдіріп, арманыңыздағы оқу орнына түсе аласыз. Студенттерге мүмкіндігінше ертерек ғылыми жұмыспен айналысуға, жетекші профессорды табуға, түрлі тағылымдамалрдан өтуге кеңес берер едім", - деп бөлісті маман.
Бұдан басқа, Дінмұхамед ғылым саласынан басқа немен айналысатынын, қандай қызығушылығы барын айтты.
"Нақты ғылыммен айналыспасам, әртүрлі БАҚ үшін саяхатшы-фотограф болар едім. Менің ойымша, фото, видео және саяхатқа қызығушылығым Instagram-дағы контенттен көрінеді. Бұдан басқа, музыкамен әуестенемін. Бос уақытымда жақсы фильмдер, сериалдар, аниме көргенді ұнатамын", - деді ол.
Дінмұхамедтің ендігі жоспары өнеркәсіптік химия бойынша кәсіби тәжірибе жинау, Alachemist блогын дамыту әрі жеке академиялық тәлімгерлік бағдарламасын жүзеге асыру.
Кейіпкер химия саласындағы қызық аңыздарды да бөлісті.
"Вибраниум (Marvel Comics шығарған комикстерде кездесетін ойдан шығарылған металл - еск.) деген нәрсе мүлдем жоқ. Хайзеньерг - алдымен ғалым, Breaking Bad фильміндегі кейіпкері емес. Мектепте дұрыс оқытылмағандықтан ғана химия қиын болып көрінеді", - дейді ол.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
С. Бөлек