Хэллоуин мерекесі қарсаңында Алматыдағы кейбір жүргізушілер көліктерін қорқынышты фильмдердегідей безендірген. Қала көшелерінде "қан" жағылған, қол іздері салынған, тіпті жүксалғышынан адамның қолы мен аяғына ұқсайтын заттар салбырап тұрған көліктерді байқауға болады. Алайда полиция мұндай әзіл өзгелерді шошытып, әбігерге салуы мүмкін екенін ескертті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, мұндай безендірулер тұрғындарды үрейлендіріп, олардың жедел қызметтерге хабарласуына себеп болуы мүмкін. Сондай-ақ, жолдағы өзге жүргізушілердің назарын аударып, көлік қозғалысына қауіп төндіреді.
"Жол қозғалысы ережесіне сәйкес, көлікке орнатылған немесе тиелген заттар жүргізушінің көруіне кедергі келтірмеуі, көлікті басқаруды қиындатпауы, мемлекеттік нөмір мен жарық шамдарын жаппауы және айналадағы адамдарға қауіп төндірмеуге тиіс", - деп түсіндірді полиция департаменті.
Полицияның хабарлауынша, көліктің қалай безендірілгеніне және қандай ереже бұзылғанына қарай жүргізуші әкімшілік жауапқа тартылуы мүмкін. Атап айтқанда, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 590-бабы ("Көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу") бойынша жаза қарастырылған.
Тәртіп сақшылары жүргізушілерді көпшілік жүретін жолдарды қауіпті әзіл-қалжың жасайтын орынға айналдырмауға шақырды. Полиция мереке аяқталғанымен, жол қауіпсіздігіне қатысты жауапкершілік әрдайым сақталатынын еске салды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!