Денсаулық сақтау министрлігі Ресейде жаңа вирус пайда болғаны туралы ақпаратқа пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұған дейін БАҚ-та Ресейде жөтелген кезде қан түкіріп, дене қызуы жоғарылайтын белгісіз вирус пайда болғаны жазылды.
Министрлік Ресей Федерациясының Адам құқықтарын қорғау және тұтынушылардың әл-ауқатын қадағалау жөніндегі федералдық қызметінің мәліметтеріне сүйене отырып, жаңа вирус тіркелгені туралы ақпарат жоқ екенін мәлімдеді.
"Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігіне де жаңа вирус тіркелгені туралы ресми ақпарат түскен жоқ. Мұндай симптомдары бар (қан түкіру, қызу көтерілуі) жағдайлар тіркелмеген", – деп жауап берді министрлік өкілдері Tengrinews.kz сауалына.
Сонымен қатар, эпидемия маусымы басталғалы бері елде жедел респираторлық вирус инфекциясының (ЖРВИ) 3,8 миллионнан аса жағдайы тіркелген, өткен эпидемиологиялық маусыммен салыстырғанда ауру деңгейі 14 пайызға төмендеген.
Коронавирусқа келетін болсақ, эпидемиологтар оны да апта сайын бақылап отырады.
Айта кетейік, бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында Ресейде белгісіз вирус пайда болғаны туралы ақпарат тараған еді. Әлеуметтік желілерде жарияланған ақпаратқа сүйенсек, науқастар бастапқыда әлсіздікті сезеді, бірнеше күннен кейін жағдайы нашарлап, төсектен тұра алмай қалады, дене қызуы 39 градусқа дейін көтеріліп, қатты жөтел пайда болады.
Алайда Роспотребнадзор мәліметінше, тұрақты эпидемиологиялық мониторинг пен геномдық қадағалау барысында жаңа вирус немесе маңызды мутациялары бар вирустар анықталмаған.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!