Күніне 250 миллилитр қызылша шырынын ішу қан қысымын төмендетіп, жүрек жағдайын жақсартады. Британдық жүрек қорының (BHF) сарапшылары бұл сусынды қан қысымын төмендетуге көмектесетін таптырмас дүние деп атады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі lenta.ru сайтына сілтеме жасап.
BHF аға диетологы Виктория Тейлор қызылша шырынын үнемі ішуге кеңес берді. Оның айтуынша, бұл сусын жүрек-тамыр жүйесіне пайдалы әсер етіп, қан қысымын қалыпқа келтіреді.
Сарапшылар қызылшаның пайдасы олардың құрамындағы нитраттарда екенін түсіндірді. Бұл көкөністі ұнатпайтындар үшін сарапшылар өздерінің диеталарына орамжапырақ, шпинат, балдыркөк, банан және құлпынай қосуға кеңес берді. Олардың құрамында да бірдей пайдалы микроэлементтер бар.
"Тұтас дәнді дақылдарды, көкөністер мен жемістерді жеу және алкогольден, тәттілерден және тұздан бас тарту гипертонияны бақылаудың ең жақсы жолы", - деп қосты Тейлор.
Еске салайық, бұған дейін ұйқыны жақсартуға көмектесетін тағам түрлері жайлы жазған едік.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!