Фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот отырысында куәгерлердің айғақтары тыңдалды. Арасында марқұмның әріптесі - фельдшер Дильназ Байзақова да бар, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Куәгердің айтуынша, қайғылы оқиға болған күні жедел жәрдем бригадасына қабырға құлауына байланысты бірінші санаттағы шұғыл шақырту түскен.
"Шақырту бойынша бардық. Үйінді астында екі адам - бір әйел мен бір ер адам болды. Кірпіштер шашылып жатты. Бірден көмектесуге кірістік. Үстімізге бірнәрсе құлады. Кірпіш екенін түсіндім. Тұрып, Ұлданаға қарадым. Ол етпетінен жатыр екен. Оны көтердім. Сау-тамтығы қалмапты. Құлағы мен мұрнынан қан атқылап жатты. "Ұлдана!" деп айғайладым", - деді ол сотта.
Қайғылы оқиғаның мән-жайын еске алған қыз көз жасына ерік берді. Оның айтуынша, кейінірек екінші жедел жәрдем бригадасы келіп, Ұлдананы алып кеткен. Ал өзіне ми шайқалуы, бас-сүйек жарақаты және амнезия диагнозы қойылған.
Cот отырысы
Айта кетейік, 18 тамызда Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты іс бойынша алдын ала тыңдау басталды. Істі судья Меруерт Абаева жүргізіп жатыр.
Бұған дейін марқұмның жұбайы Әділет Зейнел Ұлдананың анасының пайдасына жәбірленуші мәртебесінен бас тартатыны айтылған еді. Алайда кейін сот бұл өтінішті қанағаттандырудан бас тартты.
Айыпталушылар орындығында қайғылы оқиға болған үйдің МИБ төрағасы Сәуле Жұбаниязова отыр. Бұған дейінгі сот отырысында ол өзін кінәсіз деп санайтынын мәлімдеді.
Ұлдананың анасының адвокаты Нұрсұлтан Орынбековтің айтуынша, бұл іс Қылмыстық кодекстің 254-бабы ("Міндеттерге адал қарамау") бойынша қаралып жатыр.
Мән-жайы
Еске салайық, 2025 жылы 8 қарашада Астанада Тәуелсіздік даңғылындағы тоғыз қабатты тұрғын үйдің қасбетінен кірпіш қаптама мен кондиционер бекіткіші құлаған болатын. Оқиға салдарынан бес адам зардап шекті.
23 жастағы жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуан бригада құрамында оқиға орнына келген. Туыстарының айтуынша, қыз алғашқылардың бірі болып зардап шеккендерге көмекке ұмтылған. Дәл осы сәтте оның үстіне "кірпіш қаптамасы мен кондиционер бекіткіші" құлаған.
Ауыр жарақат алған Ұлдана Мырзуан ауруханаға жатқызылды. Ол он күн бойы жансақтау бөлімінде өте ауыр хәлде жатты, алайда 2025 жылы 18 қарашада көз жұмды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова