Қамшыбек Тәшиев тағы бір қызметінен босатылды

Қамшыбек Тәшиев тағы бір қызметінен босатылды
Фото: gov.kg

Қырғызстан МҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Қамшыбек Тәшиев тағы бір қызметінен кетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24.kg-ге сілтеме жасап.

Қамшыбек Тәшиев екі жылдан аса уақыт бойы Қырғыз футбол одағының президенті қызметін атқарып келген еді. 15 сәуірде өткен одақ конгресінде ол атқарылған жұмыстар туралы есеп берді.

"Футболға сәттілік тілеймін. Қырғызстандағы футбол бизнес ретінде қарауға болатын сала емес. Өз миссиямды орындадым. Сіздердің алдарыңызда төраға ретінде соңғы рет сөйлеп тұрмын деп ойлаймын. Енді бұл жерге футболды шын сүйетін адам келуі керек", - деді ол.

Еске салайық, 10 ақпанда Қамшыбек Тәшиев Қырғызстан министрлер кабинеті төрағасының орынбасары әрі Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметінен босатылғаны хабарланды. Қамшыбек Тәшиев Қырғызстанның Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметіне 2020 жылғы 16 қазанда тағайындалған еді. 

Кейінірек Садыр Жапаров Қамшыбек Тәшиев қызметінен кеткеннен кейін жеке кездескенін мәлімдеді. Қырғызстан президентінің айтуынша, осы шешімнің арқасында керісінше досын құтқарған. Оның сөзінше, Қамшыбек Тәшиевті қызметінен босатпаса, бұл мемлекеттік аппарат қызметкерлері арасында, қоғам арасында алауыздыққа әкеп соғуы мүмкін еді.

"Өйткені оның қасында жүргендер, оларды "ақсақалдар" дейміз бе, "көксақалдар" дейміз бе, әйтеуір олар досымды тура жолдан тайдырды. Олар Қамшыбек Тәшиевтің атынан Парламент депутаттарына, жауапты мемлекеттік қызметшілерге, сондай-ақ, қоғамда танымал адамдарға "генералдың жағына көшіңіз" деген әңгімелер айта бастады", - деді Садыр Жапаров бұған дейін.

17 ақпанда Қамшыбек Тәшиев Қырғызстаннан ұшып кеткені белгілі болды. Ал 19 наурызда Қамшыбек Тәшиев Ішкі істер министрлігіне жауап алуға жеткізілді.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget