МҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Қамшыбек Тәшиев Қырғызстан халқын Ораза айт мерекесімен құттықтап, жұрттан кешірім сұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24.kg-ге сілтеме жасап.
Қамшыбек Тәшиев әрбір отбасыға амандық, бақ-береке мен молшылық тілеп, елді бірлік пен өзара түсіністікке шақырған.
"Білмей қате жасап, біреудің көңіліне тиген болсам, кешірім сұраймын. Қасиетті Рамазан айында түрлі қауесет таратып, күйе жаққандардың барлығын Алланың разылығы үшін кешірдім. Келесі жолы олай жасамайды, шындыққа жанаспайтын ақпарат таратпайды деп үміттенемін. Жаратқан ие олардың жүрегіне иман берсін! Баршаңызды құттықтаймын!" - деді Қамшыбек Тәшиев.
Видео әлеуметтік желілерде тарап, желі қолданушылары арасында қызу талқыланып жатыр.
Еске салайық, 10 ақпанда Қамшыбек Тәшиев Қырғызстан министрлер кабинеті төрағасының орынбасары әрі Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметінен босатылғаны хабарланды. Қамшыбек Тәшиев Қырғызстанның Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметіне 2020 жылғы 16 қазанда тағайындалған.
Қырғызстан МҰҚК-нің бұрынғы басшысы Қамшыбек Тәшиев Еуропада емделіп жатқаны да айтылды.
Кейінірек Садыр Жапаров Қамшыбек Тәшиев қызметінен кеткеннен кейін жеке кездескенін мәлімдеді.
Қырғызстан президентінің айтуынша, осы шешімнің арқасында керісінше досын құтқарған. Оның сөзінше, Қамшыбек Тәшиевті қызметінен босатпаса, бұл мемлекеттік аппарат қызметкерлері арасында, қоғам арасында алауыздыққа әкеп соғуы мүмкін еді.
"Өйткені оның қасында жүргендер, оларды "ақсақалдар" дейміз бе, "көксақалдар" дейміз бе, әйтеуір олар досымды тура жолдан тайдырды. Олар Қамшыбек Тәшиевтің атынан Парламент депутаттарына, жауапты мемлекеттік қызметшілерге, сондай-ақ, қоғамда танымал адамдарға "генералдың жағына көшіңіз" деген әңгімелер айта бастады", - деді Жапаров бұған дейін.
17 ақпанда Қамшыбек Тәшиев Қырғызстаннан ұшып кеткені белгілі болды. Ал 19 наурызда Қамшыбек Тәшиев Ішкі істер министрлігіне жауап алуға жеткізілді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!