Қамшыбек Тәшиев Қырғызстан министрлер кабинеті төрағасының орынбасары әрі Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметінен босатылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
24.kg мәліметінше, Қамшыбек Тәшиев Қырғызстанның Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметіне 2020 жылғы 16 қазанда тағайындалған. Жарлыққа сол кезде 2020 жылы 5-6 қазанда болған оқиғалардан кейін президент міндетін атқарушы Садыр Жапаров қол қойған.
"Қамшыбек Тәшиев пен елдің қазіргі президенті Садыр Жапаровтың көпжылдық қарым-қатынасы әрдайым елдегі ең тұрақты әрі ықпалды саяси одақтардың бірі ретінде қарастырылып келді. Олардың ынтымақтастығы билікке келмей тұрып-ақ басталған: 2010 жылдардың басында олар саяси үдерістерде бірнеше рет бір тарапта болды, 2012 жылы ортақ қылмыстық эпизодты бірге өткерді, бұл олардың жеке байланысын одан әрі нығайтты", - деп жазды басылым.
2020 жылғы қазан оқиғаларынан кейін бұл тандем түбегейлі қалыптасты: Садыр Жапаров президент болды, ал Қамшыбек Тәшиев МҰҚК басшысы болып тағайындалып, күштік блоктың негізгі тірегіне айналды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова