Биыл Қазақстан Республикасының іргетасы – «Алашорданың» құрылғанына 100 жыл толды. Бұл тарихи датаны ойдағыдай атап өту – Алаш арыстары аңсаған азат Отанда өмір сүріп жатқан біздер үшін абыройлы міндет. «Алаш туы астында, күн сөнгенше сөнбейміз!» деп әз жандарын пида еткен ата-бабаларымыздың аманатын насихаттау – әр қазақтың бұлтармас борышы. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Алаш арыстары бізге мемлекеттілік идеясын ту етіп көтеруді табыстап кетті. 1991 жылы құрылған Қазақстан Республикасы атты мемлекет – сол арыстардың асыл арманының жүзеге асуы. Біз осы мемлекетті көздің қарашығындай сақтауымыз керек!», – деп еді.
Кеңес үкіметі Алаш арыстарының атын қанша өшіруге тырысса да, уақыт керуені «Алашты» ту еткен қасиетті есімдерді Қазақ жүрегіне қайтадан ұялатты. Тұрсын Жұртбай, Мамбет Қойгелді, Сұлтан Хан Аққұлұлы, Дихан Қамзабек, Қайырбек Кемеңгер бастаған, т.б. ғалымдар мен зерттеушілер Алаштануға айрықша үлес қосты. Сондай-ақ, Ерлан Қарин, Берік Әбдіғалиұлы, Берік Уәли, Болат Мүрсәлім, Айдос Сарым т.б. азаматтар Алаш идеясын насихаттауда бүгінгі буынның көшін бастап жүр.
Кеше ғана ҚР Үкімет басшысының орынбасары Иманғали Тасмағамбетов Үкімет үйінде жиналыс ашып, «Алашорданың 100 жылдығын» ойдағыдай өткізу туралы тапсырмалар берді. Бұл әрине құптарлық жайт. Дегенмен, бұл тарихи дата тек мемлекеттің ғана емес Алты Алаштың тойы екендігі көзіқарақты жұртқа мәлім. Осыған орай «Қамшы» ақпараттық агенттігі бірнеше іс-шараны қолға алып отыр. Оның ең біріншісі, Алаш арыстарының рухына арнап ас беру. Қазақта «өлі разы болмай, тірі байымайды» деген сөз бар. Ендеше, ең алдымен Алашшылардың рухына бағыштап, мал сойып, құран оқытып, киіз үйлер тігіп, жиналған жұртқа ас беру – басты жұмысымыз болмақ. Қасиетті асты өткізетін орынға Алматыдағы Ахмет Байтұрсынұлы мұражайын таңдадық. 20 жылдан бері Байтұрсынұлы мұрасын зерттеп, мұражай тізгінін ұстап келе жатқан ұстаз, ғалым Райхан Имаханбет бұл ұсынысымызды қуана қабылдады. 5 наурызда билік өкілдері мен қоғам қайраткерлері, өнер жұлдыздары қатысқан үлкен ас осы мұражайда өтпек. Асқа Алаш Арыстарының рухына құран оқуға ҚМДБ бас мүфтиі Ержан қажы Малғажыұлына арнайы шақыру жібердік. Ал Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев мырза бұл асқа әкім Бауыржан Байбек немесе өзі міндетті түрде қатысатынын айтты.
Сонымен жинақтай айтсақ, «Алашорданың 100 жылдығына» орай «Қамшы» ақпараттық агенттігінің биылға атқаратын іс-шаралары мынадай болмақ:
1. Алаш арыстарының рухына арналған ас. 5 наурызда Әлихан Бөкейханның туған күніне орай Алматыдағы А.Байтұрсынов Мұражай үйінде жылқы сойылып, киіз үйлер тігіліп ас беріледі. Асқа билік өкілдері мен қоғам қайраткерлері бастаған 300-ге жуық адам қатысады деп жоспарланып отыр.
2. 100 ағаш отырғызу. Алматы қаласы әкімшілігінің рұқсатымен белгіленген орынға 100 ағаш отырғызылады. Бұл шараға кез келген адамның қатысуға мүмкіндігі бар.
3. 100 жетім балаға киім-кешек сыйлау. Ата-анасы жоқ, жетімдер үйінде тәрбиеленіп жатқан жасөспірімдерге бір жолғы қамқорлық. Бұл шараға кез келген адамның қатысуға мүмкіндігі бар.
4. 100 студентке стипендия. Жоғары оқу орындарында оқып жатқан жетім балаларға, отбасында қиыншылығы барларға, үздік оқитындарға бір жолғы стипендия беріледі. Бұл шараға қолдау көрсету үшін кез келген адамның қатысуға мүмкіндігі бар.
5. 100 ізбасар. «Қамшы.kz» оқырмандарының сараптауымен «Алашорда» мұрасын зерттеген, насихаттаған, ізін жалғаған, Қазақ еліне айрықша еңбек етіп жатқан 100 адам іріктеліп алынады. Оның ішінде 10 қайраткерге «Алашордаға – 100 жыл» мерекелік медалі табысталып, сый-құрмет көрсетіледі.