- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Кәмпиттен көреміз". Балалардың...
"Кәмпиттен көреміз". Балалардың тіс жегісі мәселесіне жиі тап болуына не себеп?
Бала кездегі жиі кездесетін проблема тіс ауруы екені белгілі. Көпшілігі оны тәттімен байланыстырып, кәмпиттен көріп жатады. Адамның тісі әдетте бала кезінде жиі жұлынады екен. Қазіргі таңда да балалардың тісі талапқа сай емес екенін жиі байқап жатамыз. Massaget.kz тілшісі тіс дәрігері Қалбек Талғатұлымен сұхбаттасып, бұл проблема қайдан басталатынын, қалай туындайтыны туралы сұрады.
Тіс жегісі қалай бүлінеді?
Тіс жегісі - тістің қатты тіндерінің ауруы, нәтижесінде алдымен эмаль бетіндегі минералдар жойылады. Содан кейін тіс зақымданады. Тіс жегісі ауыз қуысында өмір сүретін микроорганизмдер кесірінен пайда болады. Бұл бактерияларға стрептококктар, лактобактериялар және актиномицеттер жатады. Олар тісте қалған тамақ қалдықтарын өңдеп, кальцийді құртатын, тіс кіреукесін бүлдіретін қышқылдар шығарады. Осылайша, тіс кіреукесі ыдырай бастайды.
Бактериялардың белсенділігі әр адамда әртүрлі болады. Адам тістерін дұрыс тазаламаса немесе мұқият тазаламаса, бұл деңгей жоғары болады.
Балаларда тіс жегісі пайда болуының жиі кездесетін себептері қандай?
Балаларда тіс жегісі жиі пайда болады. Оның негізгі себептеріне мыналар жатады:
- Тіс гигиенасы нашар болуы.
- Дұрыс тамақтанбау. Өйткені бактерия жеңіл сіңімді көмірсу мен қант мөлшері жоғары тағамдарды ұнататын адамдардың аузында белсенді түрде көбейеді.
- Ас мәзірінде қатты тағам болмауы.
- Тағамдағы кальций мен фосфордың жетіспеушілігі.
- Суда фтордың болмауы.
Ал маман Қалбек Талғатұлының пікірінше, бұған тұқымқуалаушылық та себеп болады екен.
"Ең алдымен, балалардың тіс жегісі проблемасына тап болуы бейімділіктен. Бұл ата-анадан тұқымқуалаушылық арқылы беріледі. Екіншіден, ата-ана баланың жеке гигиенасына дұрыс мән бермеуі. Үшіншіден, баланың тәттіге құмарлығы. Бұл жерде де ата-ананың ролі зор. Себебі ата-ана балаға көмірсуға бай тағамдар берсе, тіс жегі туындайды", - дейді ол.
Балалардағы тіс жегісінің ерекшелігі неде?
Балалардағы тіс жегісі ересектерге қарағанда тезірек жүреді екен. Бұл сүт тістердің және жас тістердің кіреукесінің ерекшеліктеріне, сондай-ақ, баланың иммун жүйесінің жетілмегеніне байланысты. 3-4 ай ішінде баладағы тіс жегісі пульпитке дейін дамуы мүмкін.
Алдын алу жолдары мен мәселеден қалай құтылу керегі туралы
Баланың тісі шыққаннан кейін бірден тазалыққа кірісу қажет. Алғашында ауыз қуысына арналған санитария майлықтарын қолдануға болады. Тіс дәрігері Қалбек Талғатұлы ата-аналарға қажет болар кеңестер айтты. Маманның сөзінше, бұл мәселенің алдын алу жүктілік кезінен басталуы керек.
"Анасы өзі де гигиена сақтау керек. Одан кейін гинекологпен ақылдасып, кальцийі бар дәрілер қабылдауы қажет. Сонымен қатар, баланы ерте жастан тазалыққа үйрету керек. Балаларға арналған тіс тазалайтын арнайы тіс щеткасы мен тіс пасталары болады. Үшіншіден, баланың тамақтануына мән беру керек. Соның ішінде сүт тағамдарын берген дұрыс", - деп түйіндеді маман.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова