Алматы облысы Ақсеңгір ауылында жеті жасар қызды зорламақ болған күдіктіге қатысты жаңа мәліметтер айтылды. Зәбір көре жаздаған баланың ата-анасының айтуынша, 49 жастағы көршісі ойнап жүрген қызды алдап шақырып, үйінде бейәдеп қылықтарын жасаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.
Ал ауыл тұрғындары жасы елуге таяп қалған көршісінің былтыр да үш қызды үйіне апарып зорламақ болғанын айтып отыр. Тұрғындардың сөзінше, балалардың ойынын сырттай бақылап тұрған Кәрімхан есімді тұрғын жеті жасар жеткіншекке "тәтті беремін" деп алдап, өз үйіне кіргізіп алған. Сөйтіп сонда білгенін істепті.
"Көршінің қызына "далада тұра тұр" деген ғой. Содан менің қызымды үйге кіргізген. Кіргеннен кейін қолынан жетектеп, жатын бөлмеге апарған. Өзі төсекке отырып, қызымды алдына алып, о жер, бұ жерін сипалап ұстаған ғой. Біраз уақыт ұстап отырған да, жанына түсіріп қойып, өзінің шалбарын тізесіне дейін түсірген, қызымның айтуынша. Түсіріп, "менікін көресің бе?" деген ғой", - дейді қыздың анасы.
Телеарна мәліметінше, сол сәтте сыртта күтіп тұрған қыз қақпадан кіріп қалған. Сөйтіп, ер адам сасқанынан қыздың қолына екі алманы ұстатып, үйден шығарып жіберген. Қыздың анасы онымен 12 жыл араласқанын әрі талай мәрте дастархандас болағанын айтып отыр. Күдіктінің әйелі мен екі баласы бар екен. Өзі мал саудасымен айналысады.
"Жанындағы қыз болмаған жағдайда білмеймін қалай болатынын. Елестете алмаймын. Сол үшін жазасын тартса екен. Жанымыздан көшіп кетсе екен", - дейді қыздың анасы.
Оның қатаң жазаға тартылып, көшіріп кетуін қыздың ата-анасы ғана емес, ақсеңгірліктер де талап етіп отыр. Өйткені жасы 50-ге таяп қалған көршісінің ауылдағы қыздарға анайы қылық танытып жүргені алғаш рет емес екен.
"Былтыр бір жылдың ішінде үш қыз баланы зорламақ болған. Бәрі 14,15, 16 жас аралығындағы қыз балалар. Елдің бәрі қарсы шыққанбыз. Бірақ қыздардың ата-аналары, ауылдың ақсақалдары "болды" деп, біржола кешірім беріп, жылы жауып қойғанбыз. Соның зардабын биыл көріп отырмыз. "Ақсеңгір ауыл бірлігі" деген топ бар. Сол топта такси шақырып, кім қайда бара жатыр, не істеп жатыр, бәрі айтылып тұрады. Соны пайдаланып, кім қайда кетті, кімнің үйінде адам жоқ дегенді біліп отырған ғой", - дейді Нұрғали Өндірқанұлы.
Полицейлер өткен аптада болған оқиғаға қатысты тергеу жүріп жатқанын жеткізді. Қозғалған бапқа сәйкес күдікті 20 жыл немесе өмір бойына темір торға тоғытылуы мүмкін.
"ҚР Қылмыстық кодексінің 121-бабының 4-бөлігі бойынша аудандық полицияда тіркелді. Жедел іздестіру іс-шарасы барысында полиция қызметкерлері 1974 жылғы К. есімді күдіктіні ұстады. Сот санкциясымен ұсталған адам соталды тергеу жүргізу кезінде екі ай мерзімге қамауға алынды", - дейді Жамбыл ауданы Полиция басқармасы бастығының орынбасары Ғалым Нариманұлы.
Еске салайық, бұған дейін Алматы облысында кәмелетке толмаған қызды зорлады деген күдікпен ер адам ұсталғаны хабарланды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!