Камера барын білмеген: лифтіде болған ыңғайсыз жағдайлар

2023 жыл басталғалы қазақстандықтар қоғамдық орындарда болған қызық жайттарға куә болды. Бірі лифтіде сүйіссе, екіншісі лифтіге министрмен кіріп, аяқасты танымал болып кетті. Ал былтыр әжетханаға барып үлгермей, лифтіде қажетін өтегендер болған. Massaget.kz тілшісі литфтіде болған қызық жайттарды жинады. 

Шок болған

17 қаңтарда Үкімет отырысынан кейін сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен лифтке кірген Айдос Уәлиевтің реакциясы жұртты күлдірді. Оның айтуынша, бәрі аяқасты болып, не істерін білмей абдырап қалған.

"Бәрі аяқастынан болды, білген де жоқпын. Көтеріліп бара жатқанда журналистер қаптап кетті. Өзім шок болып қалдым, не кірерімді, не шығарымды білмей қалдым. Содан кейін қысылып тұрдым", - дейді ол.

Ол өз реакциясы журналистердің камерасына түсіп қалғанын, кейін жариялайтынын да білген. "Журналистердің арқасында танылып кеттім" дейді.

"Бәрін білдім. Шығып кететін жер болмады. Сасқалақтағаннан біртүрлі түсіп қалыппын деп, көргенде күліп алдым. Келесі жолы мұндай жағдайға тап болғанда шок болмаймын ғой", - дейді ол.

Сүйіскен

13 қаңтарда әлеуметтік желілерде лифтіде сүйісіп жатқан ер адамдардың видеосы қызу талқыға түсті. Астанадағы түнгі клуб лифтінде түсірілген видеодағы ер адамдар Энергетика министрлігінің қызметкерлері деген болжам айтылды. Кейін ведомство өкілдері видеоға қатысты ресми түсініктеме берді.

"Желіде тараған видеода Энергетика министрлігінің қызметкерлері емес, бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Мән-жайды анықтау үшін департамент құзырлы органдарға жүгінді", - деді ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі өкілдері.

Кейін тележүргізуші, кәсіпкер Динара Сәтжан бұл ер адамдарды қолдап, жазба жариялады. Ол адамның кәсіби біліктілігіне мән беру керегін айтып, видеоны Желіде таратып жібергендерді сынады. 

Адам ұрған

Биыл наурызда Астанада ер адам әйелін лифтіде аяусыз соққыға жықты. Ол әйелінің жағасынан ұстап, теуіп, оның ішінен, кеуде тұсынан ұра бастаған. Оқиға видеоға түсіп қалған.

Қарашада ер адамға қатысты сот үкімі шығып, ол 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды.

Мысық тепкен

Полиция мәліметінше, әлеуметтік желілерге мониторинг барысында Астанада Қошқарбаев көшесіндегі тұрғын үйдің лифтінде жігіт мысықты аяусыз тепкілеген видео анықталған.

"Алматы" ауданы ПБ полиция бөлімі қызметкерлерінің мәліметінше, ол елорданың 19 жастағы тұрғыны болып шыққан.

Айна сындырған

Павлодарлық ер адам ашу-ызасын шығару үшін лифтіде шу шығарып, айна сындырған. Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 16 желтоқсанда Павлодарда Ломов көшесіндегі үйдің жеделсатысында шу шыққаны туралы шақыру келіп түскен. 

"Бұл дерек ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 434-бабы 1-бөлігі бойынша тіркелді. Материал процестік шешім қабылдау үшін сотқа жіберіледі", - делінген хабарламада.

Әжетханаға үлгермегендер

Қазақстандықтардың жағасын ұстатқан ыңғайсыз жайттардың бірі - лифтіде дәрет сындыру. 

Мысалы, Астананың сол жағалаудағы жаңа тұрғын үй кешенінің тұрғындары мас адамның лифтіде қажетін өтеп жатқанына куә болған. Олар дереу 102-ге қоңырау шалған. Оқиға орнына полицейлер келіп, бұзақыны алып кеткен. Тәртіпбұзушы пәтерлердің бірінде жөндеу жұмыстарын істеп жатқан жалдамалы жұмысшы болып шыққан.

Қоғамдық тәртіпті бұзушыға қатысты полиция ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі 434-бабы "Ұсақ бұзақылық" бойынша әкімшілік іс қозғаған. Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сот шешімімен ер адам 3 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынған.

Былтыр дәл сондай ұсақ бұзақылық жасаған павлодарлық тұрғын ұсталды. Үйдің тұрғыны лифтіде дәрет сындырған ер адамды анықтаған. Тұрғын қоғамдық тәртіпбұзушыны үйрету үшін үйден бір шелек су мен шүберек алып, ер адамнан өз артын жинап кетуді өтінген. Сонымен қатар, үй тұрғыны "102" нөміріне қоңырау шалып, полицейлерге бұл туралы хабарлаған.

Оғаш қылық жасаған ер адам өзінің асығыс әрекетін досына қонаққа келгенімен түсіндірді, бірақ ол үйде болмаған, ал төмен түсіп бара жатқанда осындай әрекетке барған. Ол оқиға орнынан тез арада жасырынғысы келген. Алайда лифтті күтіп тұрған көпқабатты үйдің тұрғындары бұл теріс қылықтың куәсі болды. 

Былтыр жазда мұндай оғаш қылық жасаған медицина қызметкері видеоға түсіп қалды. Елордада тұрғындар полицияға медициналық формадағы әйелдің, лифт кабинасында дәретке отырғаны түсірілген видеоны жіберді.

"Оқиға 14 шілдеде болған. Шәкәрім Құдайбердіұлы көшесіндегі тұрғын үйге келген медицина қызметкері лифтіге кіріп, 8-қабатты басып, дәрет сындырған", - дейді үй тұрғындарының бірі. 

Елордалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі өкілдері видеоға қатысты түсініктеме берді.

"Видеодағы медицина қызметкері - қалалық емханадағы жылжымалы бригаданың қызметкері. Алайда емхана басшылығының айтуынша, ол 15 шілдеден бері мекемеде жұмыс істемейді. Сондай-ақ, істегеніне өкініп, осы тұрғын үй кешенінің тұрғындарынан кешірім сұрады. Жанжалдың шешілгенін хабарлаймыз", - деп хабарлады қала әкімдігі.

 Мұндай жағдай Астанада тағы қайталанған. Былтыр елорда полиция қызметкерлері қоғамдық орында этика ережесін бұзған 47 жастағы ер адамды анықтады.

Қоқысын тастап кеткен

Лифтідегі қызықтар мұнымен аяқталған жоқ. Мәселен, Алматыдағы тұрғын үйлердің бірінде әйел қоқысын лифтіде қалдырып, қашып кеткен. 

Еске салайық, лифтіде этика ережесін бұзғандарға ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 434-бабы "Ұсақ бұзақылық" бойынша әкімшілік іс қозғалады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!