Ресей Федерациясының Камчатка өлкесінде 1952 жылдан бергі ең жойқын жер сілкінісі болды. Жер асты дүмпуінің магнитудасы 8,5-8,7 балға жетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жер сілкінісі Астана уақытымен сағат 04:24-те тіркелген.
"Камчатка аймағында 1952 жылдан бергі ең жойқын жер сілкінісі болды. Әртүрлі бағалаулар бойынша магнитудасы 8,7 балға жетеді", - деп жазылған РҒА геофизикалық қызметінің хабарламасында.
Сахалин облысының губернаторы Валерий Лимаренконың айтуынша, Солтүстік Курильск қаласында 7,9 балдық дүмпу тіркелген. Цунамидің алғашқы толқыны да сезілген.
Сахалин облысы бойынша ТЖД қаланы жартылай су басқанын хабарлады.
Ресей ТЖМ мәліметтері бойынша Тынық мұхиты аймағында Жапонияның шығыс жағалауына биіктігі 32 сантиметрге дейінгі толқын жақындап келеді. Елде цунами қаупі жарияланды, пойыздардың қозғалысы тоқтатылды. Жапония билігі жағалаудағы тұрғындарды эвакуациялауға шақырды.
Цунами туралы ескерту АҚШ-та, соның ішінде Аляска, Калифорния, Орегон және Вашингтон штаттарында да берілді. Филиппинде де осындай шаралар қабылданды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова