- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Камбоджада халыққа опасыздық...
Камбоджада халыққа опасыздық жасаған саясаткерлерді "ұйықтатып тастау" ұсынылғаны рас па?
Әлеуметтік желілерде Камбоджада өз халқын алдаған саясаткерлерді өлім жазасына кесу ұсынылды деген хабарлама таратылып жатыр. Бұл рас па? Stopfake.kz сайты тексерді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Хабарламаға тіркелген суретті кері іздеу құралдарын қолдана отырып, Желіден оңай табуға болады. Онда Камбоджаның "қызыл кхмер" режимі жетекшілерінің бірі Кхиеу Сампхан бейнеленген. Сурет 2018 жылы ол тям және вьетнам халықтарының геноцидіне байланысты қайтадан өмір бойына бас бостандығынан айырылған кезде түсірілген.
Камбоджада өлім жазасына ресми түрде тыйым салынғандықтан Сампханға қатысты ондай жаза қолданылған жоқ. Ел Конституциясында әр адамның өмір сүруге, бостандыққа және қауіпсіздікке құқығы бар, ал өлім жазасы болмауы керек делінген.
1995 жылы Камбоджада кісі өлтірушілер мен есірткі сатушылар үшін өлім жазасын енгізу ұсынылды, бірақ бұл идея мақұлданбады. 2019 жылы зорлаушы педофилдерді өлім жазасына кесу ұсынылды, бұл жолы да ол қабылданбады.
Бұқаралық ақпарат құралдарында немесе қандай да бір ресми ақпарат көздерінде Камбоджада саясаткерлерді орындамаған уәделері үшін өлім жазасына кесу ұсынылғаны туралы хабарланған жоқ. Демек, таралған ақпарат - фейк.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина