32 жастағы Айжан Қаркенова, Павлодар облысындағы ең шалғай ауылдардың бірінде тұрады. Қазір жүз шақты ірі қара мал ұстап, шаруашылығын шалқытып отыр. Айжан - Павлодар қаласының тумасы. Әкесі КамАЗ көлігін жүргізетіндіктен, ол сегіз жасынан бастап ауыр жүк көлігін тізгіндеп үйренген. Университет бітірген соң мамандығы бойынша жұмыс істеуден бас тартып, несиеге КамАЗ сатып алды. Кейін бес жылдай қыста ауылдарға көмір тасып, күзде Ресейден жем тасып, нәпақа тауып жүрген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"КамАЗ-ым бұзылып қалса, өзім жөндеп аламын, өзгелерге де көмектесемін. Бір жолы Ресейден келе жатқанда жол бойындағы дәмханалардың маңында бұзылған КамАЗ тұр екен. Жүргізушісі мен құралпылас жас жігітке "көмек керек пе?" деп едім таңдана маған қарады. Содан екеулеп оның тіркемесін қалпына келтірдік. Осылайша, болашақ жарым Изатпен таныстым", - дейді Айжан.
Сол кездесуден кейін қазіргі күйеуі Изат екеуі арасында махаббат оты тұтанып, жүре келе үйленетін болып шешеді. Облыс орталығынан 250 шақырымдағы Железин ауданының Кузьмино ауылына осылай келін болған. Тұрмысқа шыққан соң КамАЗ-ын сатып, оған төрт сиыр сатып алған. Қажырлы еңбектің арқасында 2017 жылдан бері мал басын жүзге жеткізді.
Изат екеуінің екі ұл бір қызы бар. Былтыр жазда трактор сатып алыпты. Биыл егін салуды жоспарлап отыр. Комбайн, трактор жүргізу Айжанға бұйым құрлы емес. Әйтсе де КамАЗ тізгіндегендей болмайтынын айтады. Сағынған кезде ауладағы қыста жүрмейтін ескі КамАЗ-ының есігін ашып жауып қояды. Ал жазда жүк көлігі кәдеге жарап тұр.
Е.Базарқұл
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!