Алматының іргесіндегі Жармұхамбет ауылының тұрғындары үйлеріне уақытында жете алмайды. Оған басты себеп - теміржол өткеліндегі көлік кептелісі. Тұрғындар Massaget.kz тілшісіне шағымын айтты.
Тұрғындардың сөзінше, кептеліс кейде 2-3 сағатқа созылады. Әбден шаршаған халық Қарасай аудандық әкімдігінен де, облыс басшылығынан да жағдайды реттеуді сұраған. Алайда ешқандай нәтиже жоқ.
Жармұхамбет ауылы индустриалды аймақта орналасқан. Мұнда түрлі зауыт-фабрикалар мен өндіріс орны көп. Кейінгі жылдары халық саны артып, 10 мыңға жетті. Ал ауылға апарар жалғыз күре жол бойында теміржол өткелі бар. Осы өткел ауылдың басты проблемасына айналды.
"Жүк көліктері жиі жүретін жолдан жаяу адамға өтудің өзі қауіпті. Зауыттар салынғандықтан, ауылымыз ортасында қалып қойды. Кешкі 5-тен кейінгі уақытта, ел жұмыстан қайтқан кезде кептелістің көкесі болады. Бір-бірін қағады. Күнде бір жол апаты болады. Жүк көлігі көп. Жол бермейді. Жол да жасалмаған. Бәрі ойық, шұңқыр", - дейді көлік жүргізуші Сансызбай Жаңабаев.
Ауылда өндіріс ошақтары көбейгенімен көшелер тар. Үздіксіз келіп-кетіп жатқан жүк көліктері жолды ми-батпаққа айналдырған. Тіпті жаңадан салынған тасжол да езіліп жатыр.
Ауыл тұрғыны Саят Тұмабаевтың айтуынша, кептеліс кесірінен ауылға жедел жәрдем де жете алмайды.
"Біздің басты мәселеміз - теміржол өткеліндегі кептеліс. Таңертең жұмысқа баратындар ауылдан шыға алмайды. Ал кешкісін сол жұмыстан қайтқандар үйіне жете алмайды. Нағыз азап қой. Пойыз келе жатқанда өткел 5-10 минутқа жабылатын. Кептеліс болмайтын еді. Соңғы кезде кептеліс 3-4 сағатқа созылатын болды", - дейді ол.
Ал көпбалалы ана Әлия Әлдибекова студент ұлы үшін алаңдайды. Күн сайын оның оқудан келуін тосып, тағаты таусылатынын айтады.
"Тұңғышым - студент. Таңертең сағат 5-те қаладағы оқуына кетеді. Кеш батқанда 8-9-да келеді. "Осы өткелде 2 сағат тұрып қаламын" дейді. Масқара ғой", - дейді ол.
Кептелісте сағаттап тұратындардың жүйкесі жұқарады. Шыдамы таусылғандар ереже бұзып, жолдың қарсы бетімен жүйткиді. Содан тәртіп бұзылып, жол апаты болады. Бұл да қозғалысты тежейді.
Жармұхамбет ауылы Елтай ауылдық округіне кіреді. Әкімдік өкілдері өткелдегі кептеліс мәселесінен хабардар.
"Кептеліс мәселесі бар. Жармұхаммед Алматы-Шамалған-Ұзынағаш облыстық маңызы бар тасжолының бойында тұр. Биыл жолдың 1,6 шақырымына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қыс мезгілі жақындап қалғандықтан, жөндеу жұмыстары уақытша тоқтатылды. Жұмыс 2025 жылы көктемде басталады. Ал өткелден айналма жол салу ісі Алматы облыстық автомобиль жолдары басқармасы құзырындағы мәселе", - деді Елтай ауылдық округінің орынбасары Д.Мұхитдин.
Ал тұрғындар теміржол өткелінен айналма жол салынбайынша, бұл маңдағы көлік кептелісі ешқашан сейілмейтінін айтады.
Анықтама: Жармұхамбет - Алматы облысы Қарасай ауданы Елтай ауылдық округі құрамындағы ауыл. 2021 жылғы дерек бойынша ауылдағы халық саны шамамен 1500 адамға жетеді.
Еске салайық, бұған дейін Ақмола облысында 60 жыл бұрын салынған жол жұрт наразылығын туғызды.
Саламат Сабыр
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!