Мақтааралда көрші ауылдағы қалыңдығымен кездесуге барған 30 жастағы жігітті "ұрып-соғып өлтірді" деген күдікке ілінген 4 адамға үкім шықты. Сот оларды кінәлі деп танып, бірін 8 жылға, үшеуін 3 жылға бас бостандығынан айырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Оtyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Жетісай аудандық соты олардың бірін Қылмыстық кодекстің "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" бабымен, үшеуін "Бұзақылық" бабымен кінәлі деп тапты.
"Сот үкім етті, Ақназар Жеңісұлы Мықтыбек Қылмыстық кодекстің 106-бабы 3-бөлігімен кінәлі деп танылсын. Оған осы бап бойынша 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Сотта сотталған Мықтыбекке тағайындалған жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемелерінде өтеу белгіленсін", - деді судья Мұхтар Жолдасбеков.
Судья "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" бабымен айыпталған Сүндет Мырзатайға "Бұзақылық" бабымен жаза тағайындады. Ол мұны сотталушының іске қатысы болғанымен, тағылған алғашқы айып дәлелін таппады деп түсіндірді. Сөйтіп Мырзатаймен бірдей "Бұзақылық" бабымен сотталған Рүстембек Көшкенбаев және Бақберген Исмаилға рақымшылық заңын қолданып, оларды 3 жылға түрме жазасына кесті. Олардың бұған дейін қамаудағы бір күні жаза мерзімінің бір жарым күніне есептелетін болды. Сотталушылардың барлығы жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтеу белгіленді.
Сот дерегінше, сотталушылар марқұм Азиз Құралбаевты ұстап алып, ауыл шетінде ұрып-соққан. Олардан қашып шыққанда сотталушы Мықтыбек қайта ұстап басына бірнеше рет тепкенде есінен танған. Осы соққыдан жабық-бас ми жарақатын алған Құралбаев аурухананың жансақтау бөлімінде қайтыс болған.
"Сот аяқталды. 15 күн аппелляция бар дейді. Бірақ біз есеңгіреп қалдық", - деді марқұмның ағасы Альмир Құралбаев.
Сотталушылар соңғы сөзінде кінәсін мойындайтынын айтты. Олардың үкімімен келісетіні, не келіспейтіні беймәлім. Ал марқұм Азиз Құралбаевтың туыстары сот үкімімен келіспейді.
"Біз түсінбей қалдық, шығып кеттік. Қанша дәлел бар еді бізде. Қалай осылай шешім шығарғанын түсінбей қалдым. Шығып кеттім. Күттім, бірақ мұншалықты болатынын күтпедім", - деді марқұмның ағасы Альмир Құралбаев.
Оқиға 2024 жылғы 11 қарашада болған. Қалыңдығына барған жігітті ертеңіне туыстары аудандық аурухананың жансақтау бөлімінен тапқан. Ауыр соққыдан есін жоғалтқан жігіт 3 ай жансақтау бөлімінде жатып, қайтыс болған еді. Марқұмның туысы Мөлдір Үсенбаева Азиз Құралбаевтың өліміне 6 жігітің қатысы бар деген. Алайды сот алдында 4 адам жауап беріп жатқанын айтып, Президентке, Бас прокуратураға бұл істі назарға алуын сұранып, үндеу жасаған.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!