Қалың нөпір: Маңғыстауда жаңа вокзалдың ашылу рәсімі видеоға түсіп қалды

Қалың нөпір: Маңғыстауда жаңа вокзалдың ашылу рәсімі видеоға түсіп қалды
Фото: Видео кадры

Маңғыстау облысында ауқымды реконструкциядан кейін Маңғыстау станциясының теміржол вокзалы салтанатты түрде ашылды. Алайда бұл оқиға тұрғындар арасында ерекше қызығушылық туғызып, кіреберіс алдында адамдардың иін тірескен кептелісіне ұласты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Ақ Жайық" басылымына сілтеме жасап.

Оқиға орнынан түсірілген кадрларды танымал блогер Азамат Сәрсенбаев жариялаған. Кадрда ғимараттың алдында жұрт жиналып, есік алдында бір мезетте ішке кіруге тырысқан адамдар топтасып қалғаны көрінеді.

"Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының баспасөз қызметі өкілдері осы жағдайға пікір білдіріп, адам көп жиналуына тұрғындардың жаңа нысанға деген қызығушылығы себеп болғанын мәлімдеді.

"Жаңартылған вокзалды көруге қаланың түкпір-түкпірінен тұрғындар келді. Кейбір адамдар кезек сақтамай, ішке бірінші болып кіруге тырысқан. Салдарынан кіреберісте жолаушылар мен қонақтар уақытша топтасып қалды", - деді ұлттық компания өкілдері.

Реконструкция нәтижесінде Маңғыстау станциясының вокзалы 11 есе ұлғайып, қазір көлемі 9 мың шаршы метрден асады.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget