Екі жас бас қосып, шаңырақ көтеруге бел буады. Әдет-ғұрып бойынша барлық кәде жасалып, қыздың қалың малы төленеді. Бірақ уақыт өте екеуара жараспай, ажырасып жатады. Осы кезде тараптар дауласып, берген қалың малын қайтаруды талап етіп жататыны бар. Бұл қаншалықты заңды екенін заңгер маманы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz сайтына сілтеме жасап.
Заңгер Венера Нұрғалиқызының айтуынша, Қазақстан Республикасы Конституциясының 13-бабының 2-тармағына сәйкес, әркiмнiң өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына құқығы бар. Кез келген адам өзінің құқығы шектелді деп ойласа, сотқа жүгіне алады.
Егер құдалар жағынан қағаз немесе ауызша келісім болмаса, қалыңмал қайтарылмайды. Іс сотқа дейін барса, ол жерде нақты дәлелдер көрсетілуі керек. Көп жағдайда сот шешімі қанағаттандырусыз қалдырылып жатады. Өйткені берілген қалыңмал сыйлық ретінде екінші жаққа табысталады.
"Дегенмен қалың малды сот арқылы қайтаруға болатын жолы бар. Ол үшін қолхат болуы шарт. Немесе қағаз жүзінде неке келісімшарты түзілсе, берілген қалың малды қайтарып алуға мүмкіндігіңіз бар", - деді Венера Нұрғалиқызы.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!