Қыс басталғалы қала маңында тұратын ақтөбеліктердің қатынауы мұңға айналды. Тұрғындар сақылдаған ары аязда ескі автобустардың ішінде үсіп қала жаздайтынын айтып шағымданды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ақтөбеде аяз басталғалы тұрғындар қатынау қиындап кеткенін айтады. Қаланың 41-разъезд аумағында тұратын Ақлима Бекмұхамбетова қыс басталғалы орталыққа жету мұңға айналғанын жеткізіп отыр.
"Біздің ауданға №14-автобус қатынайды. Бар болғаны төрт автобус жүреді. Аялдама жоқ, автобус күтіп дірдек қағып тұрамыз. Ал автобустың өзі ескі, іші ақ қырау, пеші жұмыс істемейді. Отырғыштарының жартысы жоқ. Дірілдеп, қалтырап отырамыз. Таңертең қаншама адам жұмысқа барады. Ақшасы барлар таксиге мінеді, ал қалған халық қалай жүреді? Жағдайымыз қиын", - дейді Ақлима.
Бұл бір ғана ауданның мәселесі емес. Ақжар-2 ауданының тұрғындары да №42 автобустың ескі екенін, іші жылымайтынына шағымданады.
"Сыртта отыз градус аяз. Ал автобустың іші қара мұз. Балаларға обал. Баратын жерімізге тоңып, жаурап әрең жетеміз. Осыны айтпаған жеріміз жоқ. Бірақ нәтиже шамалы", - дейді аудан Тұрғыны Марат Құрман.
Ақтөбенің іргесіндегі өзге аудандарындағы жағдай да осыған ұқсас. Тұрғындар жанайқайын әлеуметтік желі арқылы жеткізіп жатыр. Тіпті видеоларын да жүктеген. Тұрғынның бірі автобус бұзылып, сарышұнақ аязда орта жолда қалғандарын айтады.
Ал қалалық әкімдік мәліметінше, қалада 4 автопарк бар. Былтыр 100 автобус алынған. Дегенмен әлі де көлік саны жетпейді. Келер жылы тағы да автобус санын көбейту жоспарланып отыр. Ал қалаға 21 бағыт бойынша қызмет көрсететін "Автопарк" ЖШС серіктестігінің директоры Ақарыс Тілеулесовтың айтуынша, алдағы 20 күннің ішінде су жаңа 30 автобус әкелінеді екен.
"41-разъезде үш жыл бойы ешқандай жол болған жоқ. Негізінен жеке үйлер болғандықтан, қатынас қиын. Соған қарамастан автобусты тоқтатқан жоқпыз. Биыл жазда ғана асфальт салынды. Бұл аумаққа 7 автобус қатынайды. Жүргізуші тапшылығынан кейде автобус саны тұрақты болмайтыны рас. Қазір күн аяз, автобустар өзіне қарасты жылуды беріп тұр. Жақында 30 автобус келеді. Сол кезде оларды орталыққа беріп, орталықтағы автобустарды қала сыртына шығарамыз. Яғни, осылайша ескі автобустарды біртіндеп ығыстырамыз", - деді серіктестік директоры.
Сондай-ақ, Ақарыс Тілеулесов келер жылы жаңа үлгідегі 70 автобус сатып алу жоспарланып отырғанын айтты. Ол көліктерді жаңаға ауыстырудың не себепті өңірде кеш жүргізілгенін де түсіндіріп өтті.
"Қазақстандағы өзге өңірлерде жол ақысы 80 теңге болды. Бізде жолақы 55 теңге болды. Субсидия бізге енді бөлініп жатыр. Ал бір автобустың құны кемі 80 миллион теңге тұрады. Толық жабдықталғандардың бағасы 120 миллион теңгеге жетеді", - деді серіктестік директоры.
Кейінгі екі жылда көліктерді жаңартуға екі миллиард теңге жұмсалыпты. Серіктестік басшысы қала маңындағы ауылдарда асфальт жол болмағандықтан, автобустар тез тозатынын да айтты.
Кәмшат Қопаева
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!