Көліктегі полиция департаменті жыл басынан бері жарылғыш зат туралы 28 жалған хабарлама тіркеген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ведомство мәліметінше, қазір адам көп жиналатын жерлерде, соның ішінде әуежайлар мен теміржол вокзалдарында жарылғыш зат қойылғаны туралы жалған хабарламалар жиілеген.
Жыл басынан бері анықталған барлық дерек бойынша соталды тергеу жүргізілген.
"Жалған жарылғыш зат туралы хабарламалардың себептері әртүрлі. Кейбіреулер бұл әрекетті әдейі бұзақылық ретінде жасаса, енді біреулері жауапсыз әзіл немесе жеңіл ойлылықтың салдарынан істейді. Мәселен, кейбір жолаушылар әуежай қауіпсіздік қызметкерлерінің "Қол жүгіңізде не бар?" деген сұрағына қалжыңдап, "Бомба" немесе "Граната" деп жауап береді. Осындай әзілдер үлкен шығындарға әкеледі. Құқық қорғау органдары барлық шұғыл қызметті дабыл бойынша көтереді, нысандарды қоршап, адамдарды эвакуациялайды, кіреберіс жолдарды жабады, рейстерді тоқтатады немесе кешіктіреді. Бұл жағдай әуежайлар мен теміржол вокзалдарының жұмысын толықтай бұғаттауға дейін жеткізеді", - деп ескертті полиция.
8 желтоқсанда Алматы әуежайында 18 жастағы азамат ұшуға дайындалып жатқан жолаушыны шығарып салу барысында әуе компания қызметкерінің "Тыйым салынған заттарыңыз бар ма?" деген сұрағына қалжыңдап, "Пистолет бар" деп жауап берген.
"Ақпарат расталмады, бірақ мұндай әзіл қоғамда жауапкершілік төмендігін көрсетеді. Көбіне жолаушылар мұндай әрекеттері үшін қатаң жазаланатынын білмейді. Бірақ сотта барлығы өз қателерін мойындап, өкініш білдіреді", - деді полиция.
Терроризм актісі туралы жалған хабарлама таратқандар үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында 5000 АЕК көлемінде айыппұлдан бастап, 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Мұндай әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік 14 жастан бастап қолданылады.
Сонымен қатар жалған хабарлама жасаған азаматтар оқиға орнына жедел шақырылған қызметтердің шығынын толығымен өтеуге тиіс.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!