- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Калипсо Плюс компаниясы...
Калипсо Плюс компаниясы халықты алдап жатыр
Алматыда Нұрлы Тау 4а мекенжайы бойынша орналасқан Калипсо Плюс компаниясы халықты алдап жатыр. Олар үйіңізге қоңырау шалып, сыйлық ұтып алғаныңызды айтады. Артынша сізге еш пайдасы жоқ келісім-шартқа қол қоюға мәжбүрлейді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Дәулет Ерғожиннің фейсбук желісіндегі парақшасына сілтеме жасап.
"Туған-туысқандарыңыз бен ата-анаңызды құтқарыңыз. Олар алаяқтарға алданып қалуы мүмкін. Калипсо Плюс компаниясы Нұрлы Тау 4а мекенжайы бойынша орналасқан. Басқа қалаларда да бөлімшелері бар. Олар үйіңізге хабарласып, жүлделі сыйлық ұтып алғаныңызды және оны алып кету үшін жеке куәлігіңізді алып келсеңіз жеткілікті болатындығын айтады. Олардың бұл әрекеттері туралы әлеуметтік желілерде жиі жазылып жатқандықтан, өзім хабарласып «Сіздер туралы айтылып жатқан ақпараттар рас па?» деп сұрадым. Бұл сұрағыма «Америкалық демеушілеріміз сыйлық ұсынды, оны келіп алып кетсеңіз болды» деп жауап қайырды. Тұрмыстық техника немесе көлік ұтып алғаныңызға әбден сендіреді. 100% кепілдік береді. Сенбеңіз! Олар туристік жолдаманы 7 жыл бұрын алып қоюды ұсынады. Ақшаңызды үнемдеп, шетінен бөліп төлеуге мүмкіндік береді. Сыртқа шығып біреумен ақылдасуға, келесі күні ойланып келуге тыйым салады. Олармен бірге банкке барып, бірден келісім-шартқа отыруыңыз керек. Мен жас болғандықтан, олардың арам ойын сезіп тұрмын. Алайда ол жерде ойланбастан келісім-шартқа қол қойып жатқан қариялар бар. Компания кірген кезде күліп қарсы алып, ерекше жан екеніңізге сендіріп, кейін балаларыңыздың тойына тарту ете алатындығыңызды, ұсыныстың барынша тиімді екенін айтады. Есік алдында отырған вахтер адамдардың көп келіп жатқандығын жасырмады. Тіпті кешкі мезгілде де көп келеді екен. Адамдар сыйлық алып қайтамыз деп осылай алданып жатыр. Олардан алдын ала «Ұтысқа немесе жолдамаға ақша төлеймін бе?» деп те сұрадым. «Біз туристік компания емеспіз. Сондықтан мұның барлығы сыйлық» деп қысқа қайырды. Ол жерде 2,5 сағат отырып, жалған сөздеріне әбден тойдым. Ата-аналар «өзімнен немесе балаларымнан аяймын ба?» деген оймен сатып алып жатыр. Барлығы жалған! Сөздеріне сендірген соң сол жерде 60 000 төлетіп, ары қарай визалар мен билет мәселесін шешуді ұсынады. Олар – арсыз адамдар. Ақша жымқыру үшін бәріне барады. Ешнәрсеге қарамайды. Телефонмен «Ұтыс тегін, оны тек алып кету ғана қалды» дейді. Бұл да жалған. Осы ақпаратты барынша таратуға тырысыңыздар. Егер мұндай мәселелерді белсенді түрде талқыламайтын болсақ, жақсы адамдар жапа шегеді. Елестетіп көріңізші: күн сайын 12-15 отбасы келіп, жалған жолдама сатып алып жатыр. Мұнымен қатар, құжатты сұраған кезде оны тек келісім-шартқа қол қойған соң ғана көрсететіндігін айтады. Туроператорлықпен айналысуға берілген рұқсат қағазы мен сақтандыру полисі көзге көрінетін жерде тұрған жоқ".
"Лицензиялау туралы" заңның 27 бабы, 9 пунктінде туроператорлар лицензияны сұраған адамға көрсетуі керек деп жазылғандықтан, ең алдымен, ақпараттың растығына көз жеткізуге тырысыңыз. Бұл алаяқтарға сіз де алданып қалмаңыз!
Қ. Бүйенбай