Депутат Ермұрат Бәпи Мәжілісте активтерді қайтару және оны халыққа табыстау мәселесін көтерді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Депутат Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен осы мәселеге қатысты арнайы комиссия құрылғанын еске салды.
"Алайда, сол комиссияның тарапынан ешбір нақты әрекет көрінбейді. Егер бірен-сараң бірдеңе істеліп жатса, бұл бізден, қоғамдағы азаматтардан құпия түрде өтіп жатыр. Халық атынан тікелей сайланған депутат ретінде, ең алдымен құқық қорғау органдары қызметкерлеріне ескерту жасағым келеді: сіздер "ескі Қазақстанды" билеген әулет пен оның жақындары бақылаған кеден бекеттерінде арнайы астыртын салық режимін қамтамасыз еттіңіздер! Енді бұлай болмайды. Біз халықтың көмегімен сіздерді жіті бақылайтын боламыз! Бұл мәселеде біз - Президенттің бастамасымен одақтаспыз! Немесе, бұл істе Президент бізге - депутаттарға толықтай арқа сүйей алады!", - дейді Бәпи.
Депутат капиталды қайтару ісінде түсініксіз кібіртік көп екенін айтады.
"Мәселен, Латвия құқыққорғау органдары Қазақстанның жекелеген азаматтары салықтан жалтарды және Қазақстаннан заңсыз шығарылған активтер есебінен Прибалтика аумағында мүлік сатып алуда деген күдік келтіріп отыр. Бұл арадағы сөз Қайрат Боранбаев тұрғысында болып отыр. Дей тұрғанмен, Боранбаев мырза жуықта жеңіл-желпі баптармен сотталды, бірақ оған қатысты өте ірі істер қалтарыс қалды. Тиісті органдар Боранбаевтың Латвия мен Еуропа елдеріндегі қызметін, оның отбасы мен компанияларына жазылған активтерді неге тексермеді?
Боранбаевтың келіншегі өз атына жазылған бизнес-ұшақты сатып жібергені сіздерге белгілі ме? Маман-эксперттердің айтуына қарағанда, бұл ұшақтың нарықтағы құны 30 миллион долларға дейін бағаланады. Ол әйел мұндай сомадағы ақшаға қалай ие болуы мүмкін? Біздің елдің тиісті органдары осы сауда-саттықты біле тұра, ұшақтың қандай қаржыға сатып алынғанын анықтағанға дейін, бұл активті "мұздатып" қоюға неге әрекет жасамады?", - дейді депутат.
Ермұрат Бәпи Jusan bank иелері Қазақстаннан шығарған ірі көлемдегі қаражат Батыс елдерінің бірінде "мұздатылғаны" туралы да айтты.
"Осыған байланысты Үкімет не істемек, тиісті тергеу органдарын жұмылдырып, Jusan bank олжалаған ақшаның ізіне түсе ме, жоқ әлде тағы да көзжұмбайлыққа салына ма? Бас прокуратура атап айтқанда, комиссия төрағасының орынбасары Ұлан Байжанов мырза бұл процесті бақылауға ала ма?
Бұл сұрақтарды нақтылап отырған себебім - ұрылар жымқырған қаржысын басқа жаққа тығып үлгерсін деп, бүгінгі билікте оларға мұрша беріп отырған біреулер бар сияқты көрінеді. Біз, ұрланған активтерді қайтару туралы заңды бірінші кезекте қабылдауды басты мақсат етіп отырмыз. Осы заңның арқасында біз капиталды қайтаруды неғұрлым тиімдірек бақылауға ала аламыз", - дейді депутат.
Ермұрат Бәпи Премьер-министр Әлихан Смайыловқа тікелей сұрақ қойды.
"Сіз Үкімет басына жаңадан келген басшы емессіз, бұған дейінгі Министрлер Кабинетін басқардыңыз. Ендеше, Президент Тоқаев наурыздың 31-іне дейін дайын болсын деп, Үкіметке тапсырған заң жобасын дайындау ісі созылып кеткенін Сіз қалай түсіндіресіз? Елден ұрланған миллиардтар туралы сөз болғанда, тағы мынадай сұрақтар туады:
"Қазақмыс" компаниясы қазақ халқына тиесілі қазба байлықтың 30 пайызына қалай ие болды?
Сол сияқты, құрамында назарбаевтық кланның үлесі бар "Еуразиялық топ" халықтық байлықтың 40 пайызын қалай иемденіп кетті? Аталған осы екі компания соңғы он жыл көлемінде қазынаға қанша салық төледі? Осы кәсіпорындардың өндірістік-қаржылық қызметін қадағалауы тиіс "Самұрық-Қазына" Ұлттық қоры капиталды қайтару тақырыбында қандай әрекеттер жасап жатыр?", - деді депутат.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!