Қалай скринингтен өту үшін ақылы демалыс алуға болады?

Қалай скринингтен өту үшін ақылы демалыс алуға болады?
Фото: depositphotos.com

Елімізде әлеуметтік демалыстың 6 түрі бар, бірақ бұл туралы қазақстандықтың бәрі біле бермейді. Оған қоса адамдар скрининг тапсыру үшін арнайы демалыс ала алатынын есте сақтаңыз. Әлеуметтік демалыс қалай іске асырылады? Жұмыс беруші демалысқа жібергісі келмесе не істеу керек? Бұл сұрақтардың жауабын Massaget.kz тілшісі адвокат Альбина Бахтиярқызынан сұрады.

Әлеуметтік демалыстың қандай түрлері бар?

Әлеуметтік демалыс дегеніміз - қызметкерді белгілі бір мерзімге жұмыстан босату:

  • ана болу үшін қолайлы жағдайлар жасау;
  • скринингтік зерттеулерден өту;
  • бала күтімі;
  • өндірістен қол үзбей білім алу;
  • басқа әлеуметтік мақсаттар үшін.

Фото: depositphotos.com

Жалақы сақталмайтын әлеуметтік демалыс түрі (ҚР Еңбек Кодексінің 97-бабы)

Мұндай демалыстың ұзақтығы қызметкер мен жұмыс берушінің келісімі бойынша анықталады. Мұндай демалысқа шығу үшін қызметкер өтініш жазуы керек.

Сонымен қатар жұмыс беруші кейбір жағдайларда қызметкердің хабарламасы негізінде 5 күнтізбелік күнге дейін жалақысы сақталмайтын демалыс беруге міндетті. Ол қандай жағдай?

  • некені тіркеу;
  • баланың тууы;
  • жақын туыстарының, сондай-ақ жұбайының (зайыбының) және (немесе) олардың жекжаттарының (ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-сіңлілері, ата-аналары (ата-анасы), балалары, атасы, әжесі, немерелері) қайтыс болуы;
  • еңбек, ұжымдық шарттарда көзделген өзге де жағдайларда.

"Сондай-ақ қызметкер тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымда болған жағдайда жұмыс беруші күнтізбелік 30 күннен аспайтын кезеңде жалақысы сақталмайтын демалыс беруге міндетті", - деді Альбина Бахтиярқызы.

Оқуға байланысты берілетін демалыс (ҚР ЕК 98-бабы)

Білім беру ұйымдарында оқитын қызметкерлерге сынақтар мен емтихандарды дайындау және тапсыру, зертханалық жұмыстарды орындау, дипломдық жұмысты (жобаны) дайындау және қорғау, әскери оқытылған резервті даярлау бағдарламаларынан өту үшін демалыс беріледі.

Мұндай демалысқа ақы төлеу келісімдермен, ұжымдық, еңбек шарттарымен, оқу шартымен айқындалады.

Егер қызметкер "Болашақ" стипендиясы шеңберінде шетелде оқуға немесе тағылымдамадан өтуге жіберілсе, онда жұмыс беруші жұмыс орнын сақтап, демалыс береді.

Фото: depositphotos.com

Жүктілікке және баланың (балалардың) тууына, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты берілетін демалыс (ҚР ЕК 99-бабы)

  • жүктілік және босану демалысы;
  • жаңа туған баланы (балаларды) асырап алған қызметкерлерге демалыс;
  • бала үш жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша жалақысы сақталмайтын демалыс.

"Мұндай демалыстың ұзақтығы әртүрлі болуы мүмкін. Бұл босанудың қалай өткеніне; босану кезіндегі жүктілік мерзіміне; әйелдің қандай жерде тұратынына байланысты. Мысалы, егер аумақта ядролық сынақтар өткізілген болса, жүктіліктің 22-ден 29 аптасына дейінгі мерзімде босанған және дене салмағы 500 грамм және одан көп, 7 тәуліктен астам өмір сүрген бала туған жағдайда, демалыс босанғаннан кейін 93 күнтізбелік күнге созылады", - деді адвокат.

3 жасқа толғанға дейін бала күтіміне берілетін демалыс

Демалыстың бұл түрі берілуі мүмкін жағдайлар:

  • ата-ананың таңдауы бойынша - баланың анасы немесе әкесі;
  • баланы жалғыз тәрбиелеп отырған ата-анаға;
  • ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланы іс жүзінде тәрбиелеп отырған басқа туысына не қамқоршысына;
  • жаңа туған баланы (балаларды) асырап алған қызметкерге.

Мұндай демалысты толығымен немесе бөліп алуға болады. Мұндай демалыс кезінде қызметкердің жұмыс орны сақталады.

Фото: depositphotos.com

Жүктілігі он екі аптаға дейінгі әйелге үш жұмыс күнінен кем емес медициналық есепке қоюға берілетін демалыс (ҚР Еңбек Кодексінің 87-бабы)

Әлеуметтік демалыста болу кезеңі еңбек өтіліне байланысты есептеледі, жұмыс орны мен орташа жалақысы сақталады.

Бір жылда үш жұмыс күнінен аспайтын мөлшерде скринингтік зерттеулерден өтуге берілетін демалыс

ҚР Еңбек кодексінде қызметкердің скринингтік зерттеулерден өткенін растайтын құжаттарды ұсынуға міндетті екені анықталмаған. Сондықтан мұндай демалыс қызметкердің өтініші негізінде берілуі керек немесе қызметкер мұндай құжаттарды өз қалауымен ұсына алады.

"Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" ҚР Кодексінің 80-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан азаматтары профилактикалық медициналық тексеруден, скринингтік зерттеулерден өтуге міндетті. Ал ҚР Еңбек Кодексінің 23-бабы 2-тармағының 26-1-тармақшасында жұмыс беруші Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау саласындағы заңнамасында айқындалған тәртіппен және көлемде жұмыс орнын (лауазымын) және орташа жалақысын сақтай отырып, жұмыскерге скринингтік зерттеулерден өту үшін демалыс беруге міндетті екені көрсетілген", - деді адвокат Альбина Бахтиярқызы.

Фото: depositphotos.com

Жұмыс беруші әлеуметтік демалыс бергісі келмесе не істеуге болады?

Адвокаттың айтуынша, мұндай жағдайда қызметкер демалыстың ұзақтығын және оның әлеуметтік мақсатын көрсетіп, жұмыс берушінің атына арыз беруі керек. Өтініш жыл сайынғы еңбек демалысқа өтініш сияқты жазбаша түрде беріледі.

"Ал егер сізді демалыстың кез келген түріне жібергісі келмесе, мен бастапқыда жұмыс берушімен тікелей сөйлесіп, өзара мәмілеге келуді ұсынамын. Осындай демалысқа арналған өтініште Еңбек кодексіне сілтемені көрсетіңіз, осылайша сіздің талаптың заңдылығына назар аударыңыз. Егер жұмыс беруші сізге әлеуметтік демалыс беруден бас тартса, сонымен бірге еңбек заңнамасын бұзса, онда сіздің қалаңыздағы еңбек инспекциясына хабарласыңыз", - деді ол.

Еске салайық, бұған дейін 2025 жылы еңбек демалысын қай айда алған тиімдірек екені хабарланды.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Б. Жұмаділлә