- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қалай ішек қатерлі...
Қалай ішек қатерлі ісігінің алдын алуға болады? 5 қарапайым ереже
Ішек қатерлі ісігі - сүт безі, простата және өкпе ісіктерімен бірге ең көп таралған қатерлі ісіктің бірі. Ісікті бастапқы кезеңінде анықтау мүмкін бе? Қалай алдын алуға болады? Онколог Илья Черниковский қарапайым 5 ережені атады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "mail.ru" сілтеме жасап.
1 - ереже. Белгілерге назар аударыңыз
Ішек қатерлі ісігінің алғашқы белгілеріне қан аралас нәжіс, оның консистенциясы мен тұрақсыздығы, іштің ауыруы, анемия жатады. Алайда бұл белгілер тек ішек қатерлі ісігіне тән болмағандықтан, диагноз қою қиынға соғады.
"Тік ішектің ісіктері орташа қарқынмен өсетіндіктен, оларды қатерлі ісікке дейінгі немесе ерте кезеңде анықтауға болатын белгілі бір уақыт кезеңі бар. Симптомдар мүлдем болмаған жағдайларда, тек скрининг көмектеседі", - деді онколог.
Негізі, 80 пайыз жағдайда ісікті ерте кезеңде анықтаса, аурудың алдын алуға болады.
2 - ереже. Туыстарыңызбен ашық сөйлесіңіз
Орташа тәуекел тобына 45 пен 75 жас аралығындағы барлық адам кіреді.
"Әйелдер ішек қатерлі ісікпен жиі ауырады, бірақ бұл олардың ұзақ өмір сүруіне байланысты", - деді Илья Черниковский.
Жоғары тәуекел тобында - туыстары ішек қатерлі ісікке шалдыққан немесе басқа жерлерде ісік тапқан адамдар. Сонымен қатар, аденоматозды полипоз және ішектің қабыну аурулары бар науқастар. Тұқым қуалайтын аурулары барларға да өте мұқият болу керек.
3 - ереже. Шұжық пен темекіден бас тартыңыз
Дәрігерлердің айтуынша, тоқ және тік ішек қатерлі ісігінің дамуына ықпал ететін бірнеше қауіп фактор бар. Оның ішінде, темекі шегу осы ісіктердің даму ықтималдылығын 2,5 есе арттырады. Оған қоса, алкогольді тым көп ішу мен қызыл етті артық жеу де қауіпті арттырады. Алайда еттің ішек қатерлі ісігінің дамуына ықпал ететіні нақты дәлелденбеген. Сонда да салдардың алдын алғыңыз келсе, етті көкөніспен араластырып жеген жөн.
4 - ереже. Дұрыс тамақтану мен физикалық белсенділікке баса назар аудару
Қатерлі ісіктің алдын алу үшін белгілі бір әдеттерден аулақ болған абзал. Олар:
- Темекінің кез келген түрінен бас тартыңыз, ол электронды темекі, вейп, кальян болса да;
- Салауатты салмақты сақтаңыз. Дене салмағының индексін есептеп, бірқалыпта ұстап тұруға тырысыңыз;
- Белсенді өмір салтын ұстаныңыз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, ересек адам аптасына кемінде 150-300 минут физикалық белсенділікпен айналысуы керек;
- Ұзақ уақыт бойы бір орында отырмаңыз;
- Дұрыс тамақтаныңыз. Диетаға көкөніс, жеміс, дәнді және бұршақ дақылдарын көбірек қосу керек. Ал пицца, бургер секілді фаст-фудты барынша аз тұтыныңыз.
5 - ереже. Скринингті уақытылы өтіп тұрыңыз
Полиптер мен қатерлі ісіктің ерте кезеңдері әдетте колоноскопияда байқалады. Сондай-ақ, нәжістегі жасырын қан сынағы тұрақты тексеру ретінде қолданылады.
Айта кетейік, бұған дейін ішек қатерлі ісігінің бастапқы кезеңде байқауға болатын 6 белгісі хабарланған болатын.
Тағы да оқи отырыңыздар: Әлемдегі ең қауіпсіз қала қандай?
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Б. Жұмаділлә