- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Әлеуметтік желідегі видео
“Қалай көмектессек болады?“ Желіде арба тасыған 7 жасар баланың видеосы тарады
Әлеуметтік желіде Жетісайда жұмыс істеп жүрген 7 жасар баланың видеосы тарап кетті. Бұл видеоға Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің баспасөз қызметі өкілдері пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
bota770_ TikTok қолданушысы парақшасында аянышты видео жариялады. Кадрларда баланың зат тиелген арбаны сүйреп бара жатқаны бейнеленген. Әйел баланы тоқтатып, оған бірнеше сұрақ қояды.
"Кім қарайды саған?" - деп сұрады әйел баладан.
"Әкем, інім бар, інім 5-те, мен 7-демін", - деп жауап берді бала.
"Мектеп оқымайсың ба?" - деді әйел.
"Жоқ, құжат жоқ", - деп жауап берді бала.
Видеода баланың анасы қайтыс болғаны жазылған.
Видеоға 800-ден аса репост жасалып, 1700-ден аса пікір жазылған. Әлеуметтік желі қолданушылары балаға көмек көрсету жолдарын іздестіріп жатыр.
"Тауып беріңіздерші мына баланы, әкесінің телефон нөмірі бар ма? Үй, жұмыс, мектеп бәрін шешіп беремін", "Мен документін жасап берейін, маған жазыңыз", "Базардың артында тұрады. 5 жасар інісі де осылай сатып жүреді. Қақаған қыста да, жаздың ыстығында да. Жолдасым екеуіне велосипед беріп еді", - деп жазған олар.
Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің баспасөз қызметі өкілдері видеоға қатысты пікір білдірді. Бала шынымен Түркістан облысы Жетісайда тұрады.
"Қамқоршылық органдарының мамандары баланы тапты. Толығырақ ақпарат кейінірек беріледі. Атап өтерлігі, әрбір баланың құқықтары мен мүдделерін, оның ішінде отбасын, қауіпсіздігін, білім алуын және лайық өмір сүру жағдайларын қорғау - басты міндет. Бұл мәселе толығымен шешілмейінше Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің бақылауында болады", - деді ведомство өкілдері.
Комитеттегілер баланың анасы тірі екенін анықтады.
"Қазір тиісті органдар барлық мән-жайды анықтап жатыр", - деп толықтырды ведомство.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
С. Бөлек