- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Кәсіпкерге мемлекеттік грант
Қалай кәсіпке мемлекеттік грант ұтып алуға болады? Нұсқаулық
Елімізде кәсіпкерлерге көмек ретінде қайтарымсыз мемлекеттік гранттар бар. Оларды қалай алуға болады? Грант қалай жүзеге асырылады? Бұл сұрақтардың жауабын Massaget.kz тілшісі анықтады.
Мемлекеттік грантты алу үшін алдымен "Бастау Бизнес" жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне тегін курсты оқу керек, содан кейін жеке кәсібіңізді ашуға қайтарымсыз грант ала аласыз.
Оқу ұзақтығы 14 күнтізбелік күн. Оқыту жеке өтеді, тегін. Қорытындысы бойынша тестілеу жүргізіледі. Оны екі рет қайталап тапсыруға болады. Әрі қарай қатысушыға оқуды аяқтағаны туралы сертификат беріледі, ол үшін белгілі бір ұпай санын жинау керек (кем дегенде 70 пайыз дұрыс жауап беру керек). Сертификат үш жылға жарамды.
Сертификат алғаннан кейін қатысушылар өз бизнесін ашу үшін грант конкурсына қатыса алады. Онда сіз бизнес жобаңызды қорғауыңыз қажет. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға гранттар халықтың әлеуметтік осал топтары қатарындағы адамдарға конкурстық негізде беріледі. Грант мөлшері айлық есептік көрсеткіштің 400 еселенген мөлшеріне дейін барады.
Грант алуға кімдер өтініш бере алады?
Мемлекеттік қайтарымсыз грант алу үшін мына талаптарға сай болуыңыз керек:
- Тіркелген жұмыссыз азаматтар;
- Жеке кәсібін жаңадан бастаған азаматтар;
- Атаулы әлеуметтік көмек алушылар;
- Төрт және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар көпбалалы отбасыларға аналған ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы алушылар;
- Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем алушылар;
- Қоныс аударушылар;
- Қандастар;
- Еңбекке қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар адамдар;
- Кәмелетке толмағандарды тәрбиелеп отырған мүгедектігі бар азамат немесе оның жұбайы.
Грант алуға қалай өтініш беруге болады?
Өтінім беру үшін Business.enbek электрон порталына тіркеліп, "Грант" бөліміндегі өтініш нысанын толтырып, цифрлық қолтаңбаның көмегімен (ЭЦҚ) қол қою керек. Сондай-ақ мансап орталықтарының өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында, ХҚКО-лар мен КҚКО-ларда және ауылдық елді мекендерде орнатылған "Қазақтелеком" АҚ eQoldau қоғамдық қол жеткізу пункттерінде өтінім беруге болады.
Өтініш беру кезінде халықтың әлеуметтік осал топтарының тиісті санатының бірін таңдайсыз. Әрі қарай портал автоматты режимде сізді осы топқа сәйкестігін және мерзіміне сәйкес келетін электрон сертификаттың бар-жоғын тексереді.
Тексеруден кейін сіз порталға бизнес-жобаның шаблонын жүктей аласыз, оны толтырып, жеке кабинетке тіркейсіз.
Ескерту! Грант қаражаты оқу процесінде жасалған бизнес-жоспарға сәйкес қана пайдаланылуы шарт және тек қажетті құрал-саймандарды, еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды, жануарларды, малды, құсты, көшеттерді, бұталарды, тұқымдарды, көшеттерді сатып алуға, сондай-ақ үй-жайларды жалға алуға ақы төлеуге бағытталуы тиіс.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Б. Жұмаділлә